​«Аяқ-қолы балғадай ұл-қыздар түк істегісі келмейді»: Түлкібастық тұрғын бір қолымен кірпіш құйып отбасын асырайды

0
1 545

Тағдыр тауқыметін басынан өткерсе де қиындыққа мойынсұнбай жүрген түлкібастық Қайрат есімді азамат барша қазақ еліне үлгі боларлықтай еңбек етуде.


​«Аяқ-қолы балғадай ұл-қыздар түк істегісі келмейді»: Түлкібастық тұрғын бір қолымен кірпіш құйып отбасын асырайды

Қайрат Жүнісұлы 1968 жылы Шақпақ-баба ауылында дүниеге келген. Жастайынан өмірдің ауыр тәлкегін басынан өткерген ол 1 топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Яғни, сол аяғы мен қолы, бір көзі жасанды протез. Отбасында 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отыр.


Бірақ тағдырдың бұл қатал сынына мойыған Қайрекең жоқ. Қазір ол бір қолмен құм кірпішін құйып, сатумен айналысады. Бұл кәсіппен 2017 жылдан бастап айналысып келеді. Кәсібін бастаған жылы 15 мың дана кірпіш құйған Қайрекең, өткен 2019 жылы тапсырыстың артуына байланысты кірпіш санының 30 мыңнан асқанын айтып отыр. Өйткені, Қайрекең бірінші кезекке кірпіштің сапасын алға қояды. Оны тапсырыс берушілер де айтып отыр.


- Кейде өздері түк істе­мей, мемлекеттен қол жа­йып көмек сұрай беретіндерге таңғаламын. Аяқ қолдары балғадай қазақтың ұл-қыздары үйлерінде отырып, түк істегілері келмейді. Содан соң, өздерін аянышты қылып, бізге еш жақтан көмек жоқ деген әңгіме айтады. Еңбек етем деген адамға бүгінгі таңда барлық жағдайлар жасалған. Мен мысалыға, 2018 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы Шымкент қаласында кірпіш құюдың қыр-сырын қысқа мерзімді курс арқылы оқып, бүгінгі таңда құдайға шүкір, кәсіптің арқасында бала-шағамның нәпақасын тауып отырмын, - дейді ол.


2017 жылға дейін 1-топ мүгедектікке берілетін жәрдемақыға қарап отырған Кендірбаевтар отбасында алға қойған мақсаттары жетерлік. Отағасының айтуынша алдағы уақытта мемлекет тарапынан гранттарға қатысып, бүгінгі кәсібін ұлғайтуды көздеп отыр. Өзінің туылып, өскен Шақпақ-Баба ауылынан құрылыстың әр-түрлі бағытына жарайтын кірпіш түрлерін дайындайтын цех пен өз өнімін көтерме бағада сататын құрылыс дүкенін ашу жоспарында бар.

Айта кетейік, Кендірбаевтар отбасының құйған кірпіштеріне сұраныс аудан аумағында ғана емес, сонымен қатар көршілес жатқан Жамбыл облысының Жуалы ауданында да артып отыр.