​«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» кешенінде бірегей шығыс променады бой көтереді​

0
981

Сәні мен салтанаты келіскен шығыс променады, яғни, серуен алқабы ұлттық ерекшелік пен заманауи мәдениеттің көркем келбетін ұштастырады. Келушілер мен демалушыларға қолайлы болу үшін ландшафтық сәулет, фонтандар, ашық айвандар және басқа да нысандар орналасады. Кәдесыйлар сататын дүңгіршектер салынады.


​«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» кешенінде бірегей шығыс променады бой көтереді​

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Әзірет Сұлтан» кешенін дамыту бойынша жоспарға сәйкес жасалып жатқан жұмыстарды бақылап қайтты. Жаңа жобаға бірқатар өзгертулер енгізіп, қала әкімі мен тиісті басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл аумақтағы шеберлер орталығы мен шығыс базары бойында абаттандыру жұмыстары басталды. Облыс басшысы жаңа аумақты орта ғасырлық сәулет өнеріне сай, ұлттық нақышты ұстана отырып, ерекше бірегей келбетін сақтауды тапсырды. Лакшери (Luxary) үлгісінде, ағаш пен темірден ойылып жасалған бір нақышты сақтауды міндеттеді.

«Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға бағытталған бұл аумақтың бетке ұстар жоба екенін ұмытпау керек. Орта ғасырлық сәулет өнеріне сай, ұлттық нақыш сақталады. Құрылыс заттары жоғары сапалы болғаны жөн. Лакшери стилінде, ағаш пен темірден бір үлгіде жасалуы қажет. Сонымен қатар, осы аумақта мұнаралар бой көтереді», - деді облыс әкімі.

Биыл осы аумақта бой көтерген «Ұлы дала елі» орталығы да іске қосылады. Құрылыстың қызған шағында жұмысшылармен жүздескен облыс әкімі оларға елдегі төтенше жағдайға орай сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертті. Алып құрылыс алаңдарында ірі құрылыс компаниялары киелі шаһарды түлету жолында күндіз-түні тер төгуде.