Бәйдібек ауданында баянды істер көп

0
4 024

Ауданның құрылғанына 90 жыл деген аз уақыт емес. Былайша айтқанда бір ғасырлық ғұмыр.


Бәйдібек ауданында баянды істер көп

ERNUR.KZ. Бәйдібек ауданы өз тарихында және бір белесті бағындырды. Ауданға – 90 жыл толып отыр. Атап өтер мереке. Айтулы дата. Осыған орай аудан әкімі Бақытбек Танагөзов мырзадан өңірдің кешегісі мен бүгіні, ертеңі жайлы айтып беруін сұранған едік.

- Жыл бойы күн тәртібінен түспей, ауданның 90 жылдығы аясында көп тірлік атқарылды. Оны өз кезегінде айтармыз. Сөз басында торқалы тойдың мәні мен мазмұнына тоқталсаңыз?

Той – халықтың қазынасы. Ауданның құрылғанына 90 жыл деген аз уақыт емес. Былайша айтқанда бір ғасырлық ғұмыр. Осынау уақыт ішінде бұрынғы Алғабас, қазіргі Бәйдібек бабамыздың атындағы ауданның басынан небір қилы заман өтпеді десеңізші. Уақыттың ағымына орай бірнеше рет тарап, бірнеше рет қайтара қосылды.

Ауданның тарихын тереңірек білгісі келген оқырманға жазушы Сәбит Жолдасов жазған «Шежірелі Шаян өңірінің тарихы» мен осыдан 15 жыл бұрын жарық көрген «Екі ғасыр тынысы» атты кітапты оқуы керек дер едім. Міне, осы тойдың аясында «Нұрлы әлем» баспасынан жарыққа шыққан белгілі қаламгер, жазушы Бағдат Қалаубайдың «Түрленген өлке – Бәйдібек» атты кітабын да қарап шықса болады. Сіз жоғарыда әңгіме еткен тойдың мәні мен мазмұны жайындағы сұрағыңызға осы кітаптардың шығуы дер едім.
Сол кітаптарды ақтарып, тарих беттерін парақтап отырсақ Шаянның өмірін, өңірін Қазақстандағы барша халықтың ғасыр жасаған тыныс-тіршілігінен бөліп қарауға болмайтынын аңғару қиын емес. Бұл аймақта да ел қорғаны болған батырлар мен білікті, білімді билері болған. Бірлікті ту еткен болыстар өмір сүрген. Қазан төңкерісін бастан өткерген. Төңкеріске дейінгі елдің жайы айтылған.

Ауданның алғашқы құрылуы ашаршылық, репрессия жылдарының тауқыметі, Ұлы Отан соғысының қасіреті бәрі-бәрі баяндалған. Тәуелсіздікке дейінгі, тәуелсіздіктен кейінгі кезеңдер айтылған.
«Күшті ұлт болу үшін, алдымен ішкі бірлік, ұйымшылдық пен татулық қажет» деген еді Елбасы. Міне, Бәйдібектің жұрты бастан өткерген барлық қиыншылықтарды ынтымақ бірлігінің, қайсарлығының арқасында жеңіп, бүгінгідей гүлденген, көркейген, түрленген күнге жетіп отыр.

- Бүгінгі ұрпақтың мақтануына толық қақысы бар ғой?

- Мақтануға болады, масаттануға болмайды. Кешегі күнімізде Елбасы айтқандай: «Өткенімізден ұялатын да, қысылатын да ештеңеміз жоқ». Бәйдібек ауданы қасиетті де, киелі жерлерден кенде емес. Бүкіл дүйім елге аты мәлім тарихи тұлға Бәйдібек бабаның, Домалақ ананың, Сыланды, Зеріп сынды Қос ана кесенелері, Ақтас, Шақпақ, Қазата, Қошқарата, Теректі әулиенің, Жеті отау, Ақмешіт үңгірінің осы аймақта орналасуы тектен-тек емес. Жеріміздің де қасиетті екендігінің айғағы.

Бүгінде музейге айналып, халық игілігіне пайдаланылып отырған ХVIII-XIX ғасырдың жәдігері аудан орталығындағы Аппақ ишан мешіт-медресесінің өзі кешегі күндеріміздің талай құпиясын паш еткендей.
Қарт Қаратаудың өтінде, Арыстанды-Қарабастай желіне шыңдалған өрелі, өжет жандар, өнерлі адамдар көп шыққан өлке бұл. Осынау шағын өлкеден Қарсыбай Сыпатаев пен Садық Әбжаппаров сынды қос бірдей Кеңес Одағының батырлары шықты. Атабек Сәтмырзаев пен Әшім Сейдахметовтей Социалистік Еңбек Ерлері – біздің мақтанышымыз.

Ғалымдар, академик, профессорлардан да кенде емеспіз. Өмірбек Жолдасбеков, Нысанбек Төреқұлов, Марс Үркімбаев, Мәулен Құдайқұлов, ақын, жазушылар Еркінбек Тұрысов, Аян Нысаналин, абыз қария атанып өмірден өткен Әдіһам Шілтерханов, Сәбит Жолдасов, Сәбит Жиренов, Жүніс Сахиев ары қарай тарата берсек осындай халыққа қалаулы, елге елеулі азаматтардың тек есімдерінің өзінен бірнеше том энциклопедиялық жинақтар шыққан болар еді.

Ел тарихында ерекше орын алатын мына бір оқиғаны айтпай кетуге болмайды. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ауданға келіп, 1996 жылдың 23 қазанында Алғабас ауданының атын Бәйдібек ауданы деп өзгертіп, Жарлыққа қол қоюы. Қол қою осындағы көпшіліктің көз алдында болды. Мұны үлкендермен қатар жастар да әрдайым жадында ұстауы тиіс.

- Мерекелік тілегіңізді айтсаңыз.

- Бәйдібек бабаның өзі: «Бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай бол» деген. Бұған дейінгі еңбек еткендердің еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Тәуелсіздікке дейін қаншама игі жақсы ағаларымыз ел басқарса, Тәуелсіздіктен кейін де 13 әкім ел тізгінін алыпты. Бәрінің де айтуға тұрарлықтай еңбегі бар. Қаншама зиялы қауым, ақын, жазушылар, ұстаздар, әнші, күйшілер, сазгерлер көпшілікке рухани азық сыйлауда. Ол да біздің санамызда сақталады.
Жақсы істердің бәрі жалғасын табады. Ол үшін Бәйдібек бабамыз айтқандай барлық істе бірге болайық.
Той тойға ұлассын, ағайын!
- Әңгімеңізге рахмет!