Балабақшада ұлттық мұраларды жаңғыртқан шара өтті

0
3 216

Шара мақсаты тәуелсіз елдің болашағы — жас ұрпақтың бойындағы Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, Қазақстан туралы білімдерін жетілдіру, қазақ халқының ұлттық құндылықтары,салт-дәстүрі, ұлттық ойын түрлері туралы түсінік беру, әдет-ғұрыпты қадірлей білуге баулу.


Балабақшада ұлттық мұраларды жаңғыртқан шара өтті

Түркістан облысы Отырар ауданы Отырар ауылында ауданның үздік мекемелерінің бірі «Сымбат» балабақшасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдығы мерекесіне орай бүлдіршіндерге патриоттық тәрбие беретін «Тәуелсіздік және ұлттық тәрбие» атты кеш өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шара тәуелсіз елдің болашағы — жас ұрпақтың бойындағы Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, Қазақстан туралы білімдерін жетілдіру, қазақ халқының ұлттық құндылықтары,салт-дәстүрі, ұлттық ойын түрлері туралы түсінік беру, әдет-ғұрыпты қадірлей білуге баулуды мақсат еткен. Кештің ұйымдастырушылары —балабақша тәрбиешілері.

Кеш барысында бүлдіршіндерге Қазақстан картасы көрсетіліп, еліміздің өңірлері жайлы мол мағлұмат берілді. Сонымен қатар, «Бесікке салу», айтыс,палуандар күресі, қол күресі сынды басқа да ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер үлгісі көрініс арқылы көрсетілді.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұлттық мұраларды қайта жаңғыртуды көздеген шараның нәтижесінде балабақша тәрбиеленушілері қазақтың салт-дәстүрлері, ұлттық құндылықтар, Қазақстан елі мен Тәуелсіздік тарихы жайлы біршама білімге ие болды.