Белсенді жастар Елорда күнімен құттықтады

0
1 238

Нұр-Сұлтан – жастармен нұрлы.


Белсенді жастар Елорда күнімен құттықтады

ERNUR.KZ. Еңселі елорда қаншама жасқа жарқын өмір мен көп мүмкіндік сыйлады. Жиырма жылдық тарихы бар ел астанасын дамытып, жас қаланы гүлдендіруге еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған жастардың үлесі зор. Бұл ретте Шымкенттен шыққан замандастарды да ерекше атап өткеніміз жөн. Осы мақсатта Бас шаһардың туған күні қарсаңында елордада білім алған, Нұр-Сұлтан қаласында тұратын және астаналық атануды армандайтын шымкенттік жастармен тілдестік.

Бүгінде еліміздің ертеңі, егемендіктің еңсесін көтеретін жастардың дені елордаға барып қызмет етіп, астананың тұрғыны болуды армандайды. Ал бас қалаға алғаш аттанғандардың алды шаңырақ көтеріп, ата-ана атанып үлгерген. Осылайша, білімі мен біліктілігін арттыру үшін арман қуып астанаға келгендер өмір баспалдақтарын кезең-кезеңімен нық басып аттап келеді.

Шымкенттік Алжан Шарипов 2015 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Бұған дейін Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде білім алған ол бүгінде Отандастар қоры мәдени-гуманитарлық департаментінің менеджері болып жұмыс істейді.


- Мектеп қабырғасында жүріп, жоғары білімді бас қаладағы ілгері оқу орынында аламын деп мақсат қойдым. Мақсатыма жетіп бүгінде өзім қалаған мамандықтың иесі атанып, елордада еңбек жолын бастадым. Алғаш келгенде Бәйтеректен көрген көрініс пен қаланың қазіргі территориясын салыстыру мүмкін емес. Біз секілді жастар үшін махаббаттың, жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символы іспетті астанада сәулет өнерінің теңдессіз үлгілері саналатын кешендер бой көтеріп келеді. Ал еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болу – үлкен мақтаныш. Өз басым Нұр-Сұлтанды ештеңеге теңемеймін, себебі бас қала – жалынды жастықтың ордасы, болашақтың қаласы. Сондықтан әрдайым елордамыздың шаңырағы биік болып, жылдан-жылға гүлдене берсін! - дейді Алжан.

Қазақстан студенттер Альянсының жоба координаторы (үйлестірушісі) және Нұр-Сұлтан қалалық Альянс төрағасы Азат Тенгебаев та жастық жалынмен келіп, үлкен қаладағы қайнаған тіршіліктің дүрмегіне ілесіп кеткенін айтады.


- 2014 жылы колледж бітіріп, кешенді тестілеуден жинаған ұпайдың нәтижесімен Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне мемлекеттік грант негізінде оқуға түстім. Әу бастан жаңа қалаға, жаңа ортаға, әсіресе, табиғатына үйренісу оңай болған жоқ. Бірақ айналамда өзім секілді еліміздің әр өңірінен жиналған жастармен студенттік қызықты да, қиындығы мол кезеңді бірге өткердік. Ел жүрегі Нұр-Сұлтан жалынды жастардың мекені екеніне сол кезде толық көз жеткіздім. Думаны мол студенттік шақтың, жалынды жастықтың ордасы әрдайым жүрегімнің түкпірінде, - дейді А.Тенгебаев.

Ал шымкенттік белсенді жас, қалалық Жастар мәслихатының депутаты Рахат Әбдіманат өз болашағын Нұр-Сұлтан қаласымен байланыстырады. Қаладағы №41 мектеп-лицейінің түлегі оқу жылын үздік тәмамдады. «Алтын белгі» иегері. Ұлттық бірыңғай тестілеуден де жоғары ұпайды еншілеп, оқуда озат екенін тағы бір дәлелдеді. Ендігі меже мемлекеттік грантты жеңу дейді, Рахат.


- Қазір ақпараттың адам өмірінде алар орны ерекше. Мен таңдаған мамандық сол ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. ҰБТ-дан 111 балл жинадым. Астана ақпараттық технологиялар университетіне оқуға тапсыруды жоспарлап отырмын. Неге Нұр-Сұлтан қаласы? Астананың тағы бір межесі – әлемдегі ең «ақылды» қалаға айналу. «Смарт сити» стандартын қалыптастырып, озық тәжірибені қолдану. Бұл кешенді жобаның сегіз саласын бірнеше бағыт бар. Өз білімімді шыңдай отырып, елімнің дамуына бар күш жігерімді салсам деймін. Міне, келешекке тағы бір кемел қадам осы, - дейді Рахат.