Беташар тойын өткізіп төтенше жағдай режимін бұзған арыстық тұрғын жазаланды

0
2 055

Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін​ Арыс қаласының тұрғынына 18557 теңге көлемінде айыппұл салынды.


Беташар тойын өткізіп төтенше жағдай режимін бұзған арыстық тұрғын жазаланды

Төтенше жағдай режимінде келін түсіріп, беташар тойын өткізген Арыс қаласының тұрғыны жазаланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

20 наурыз күні өз үйінің ауласына туған-туыстарын шақырып, көпшілікті жиып той өткізген. Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін Арыс қаласының тұрғыны А.А. әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сотта құқық бұзушы әйел перзентінің қуанышын жақындарымен бөліскісі келгенін айтып, тәртіпке бағынбай құқық бұзғанына өкінетіндігін, өзінің кінәсін толық мойындайтынын айтқан.

Соттың қаулысымен Арыс қаласының тұрғыны А. А. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабында көрсетілген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 18557 теңге айыппұл салынды.

"Азаматшаға қатысты 2020 жылғы 20 наурыз күні, Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығымен енгізілген төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 476-бабымен хаттама рәсімделген. Сотта құқық бұзушы өзінің кінәсін толығымен мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты,"- деп мәлімдеді Арыс аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.