​Демеуші табылмаған түркістандық оқушының өнертабысы халықаралық байқауда жеңіске жетті

0
3 550

1 қарашада өткен Ресейдегі байқауға қатысу үшін барып-келу жолақысына Түркістан облысынан демеуші болар жан табылмаған еді.


​Демеуші табылмаған түркістандық оқушының өнертабысы халықаралық байқауда жеңіске жетті

Осы жылдың 13 қазанында Алматы қаласында өткен «Ұлы өнертапқышқа алғашқы қадам» атты техника және технология сайысында 1-орынды жеңіп алған Түркістан облысының оқушысы Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық конкурста 2-орынды жеңіп алды.

Айта кету керек, Түркістан облысының орталығында №27 жалпы орта мектептің оқушысы Дүйсеков Нұрболаттың автоматты күбі жасап, Алматыда өткен байқауда жеңіске жеткенін және Ресей қаласына шақырту алғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ, көрші елге барып-қайту үшін жолақысына демеуші де іздегенбіз.

Түркістан аймағынан өнертапқыш бала үшін қайырымды жан табылмағанымен, Нұрболат пен оның жетекшісі Бауыржан Ниязбековтің халықаралық байқауға бара алмай отырғанынан хабардар болған Халықаралық Экология, инженерия және педагогика қоғамдық қоры аталған байқауға сырттай қатысуға мүмкіндік алып берген.

Халықаралық Экология, инженерия және педагогика қоғамдық қорына алғысымыз шексіз, бізге қашықтықтан қатысуға мүмкіндік алып берді. Жұмыстарын видео, қағаз түрінде жолдау керек деген ұсыныс келді. Біз соны пайдаланып, халыақаралық конкурсқа қашықтықтан қатыстық. Бірнеше күннен соң Нұрболаттың жасаған күннен қуат алу арқылы жұмыс істейтін автоматты күбісі 2-орын алды деген хабар келді. Сертификат пен диплом әлі қолымызға тиген жоқ. Жолда келе жатыр. Бірақ бізге сканерленген үлгісін жіберді. Өте қуаныштымыз, - дейді өнертапқыш Нұрболаттың технология және көркем еңбек пәні мұғалімі әрі жетекшісі Бауыржан Ниязбеков.


«Осынау жетістікке жетуімізде Нұрболаттың ата-анасы, мектебіміздің директоры мен сынып жетекшісінің, жалпы ұжымның қолдауының арқасында», - деп қоса айтты ол.

Қазақтың күбісін жаңа технологиямен жасап шыққан Нұрболаттың ендігі қадамы – желтоқсан айында Мәскеу қаласында өтетін ғылыми жобалар байқауына қатысу. Оған да шақырту келген, өтінім де міндетті түрде берілуі керектігін сеніммен айтты өнертапқыш оқушыны баулып жүрген ұстазы.

Халықаралық байқауда жеңіс тұғырынан көрінген оқушыны ендігі жерде Түркістан облысы ғана емес, ел болып қолдап қатысуға жағдайды орайластырады деген үміттеміз.

Әмина Уалиханқызы,

ERNUR.KZ