Елбасы Түркістан қаласына келді

0
649

Президенттің киелі шаһарға сапары қазақ хандарына арналған мемориалдық кешеннің ашылуымен басталды.


Елбасы Түркістан қаласына келді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға келді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter желісіндегі парақшасында жазды. Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістанға сапары барысында бірқатар нысандардың ашылуына қатысты. Нақтырақ айтсақ, Тұңғыш Президенттің киелі шаһарға сапары қазақ хандарына арналған мемориалдық кешеннің ашылуымен басталды. Кешендегі иілген 21 қанат Түркістанда жерленген 21 ханды білдіреді. Есім ханнан Әликен ханға дейінгі бабаларымыздың есімдері мен басқарған жылдары да жазылған. Сондай-ақ осында Елбасы «Ұлы дала бірлігі» атты капсуланы салды. Оның ішінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлердің топырағы жиналған. Жобалау құны 1,9 млрд теңге болатын мемориалдық кешеннің жалпы ауданы 0,85 гектарды құрайды.

Жаңа нысанның баральефінде қазақ билерінің, қазақ даналарының көркемсөздері қашалған. Шеңбер тәріздес салынған пилондардағы граниттік тақтайшаларға қазақ даласын басқарған 21 ханның есімдерімен қатар олардың билік жүргізген жылдары да жазылған. Көне ғасыр мен жаңа дәуірді сабақтастыра түскен шаһарда үйлесімді үлгімен салынған жаңа ғимараттар пайдаланылуға берілді.

Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Этно-ауыл» кешенінің ашылуына қатысты. «Этно-Ауыл» кешені қазақ даласының XVIII-XIX ғасырдағы өмірін бейнелейтін жоба саналады. «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағы мен Ахмет Ясауи кесенесінің бекініс қабырғасы, этнографиялық мұражайдың ортасында орын тепкен. Интерактивті этноауылдың ауданы 16 мың шаршы метрді құрайды. Кесенеге келушілер қазақ халқының бай мәдениетімен танысып, тіпті көне заттарды қолдарымен ұстай алады. Көшпенділер өркениетінен көрініс беретін этно-ауылдың аймағында қазақ даласындағы тұтас бір дәуір бейнеленген.

Айта кетейік, «Тұңғыш Президент саябағының» абаттандыру жұмысымен танысқан Елбасы тағы да бірқатар жаңа нысандармен танысуға барады.