"Ғасырлар куәсі – музейдің ғажайып әлемі" тақырыбында «музей түні» іс-шарасы өтті

0
2 095

Аталған шараның мақсаты - музей құндылықтарына деген халықтың ықыласын арттыру.


Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – музейінде «Музейлер шеруі» атты жалпыреспубликалық акция аясында «ҒАСЫРЛАР КУӘСІ – МУЗЕЙДІҢ ҒАЖАЙЫП ӘЛЕМІ» тақырыбында «музей түні» іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Музей құндылықтарына деген халықтың ықыласын арттыру, ұлттық сана – сезімін қалыптастыру, жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған шарада сөз алған Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов және мекеме директоры Сапар Көзейбаев «Музейлер шеруі» акциясы арқылы мәдениет ұйымдары ұлттық мәдени мұраның қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздеп отырғандығын айта келе, іс-шараға қатысушыларға ризашылықтарын білдірді.
Мерекелік іс-шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында музей қорындағы ат әбзелдермен жабдықталған «Қазанат – қазақтың қасиеті» тақырыбындағы көрме таныстырылып, атқа міну көрінісі көрсетуден бастау алды.
Қыш құмыра өнерін меңгерудің қыр-сырын көрсету барысында құмырашы Жанұзақ Ерімбетовтың шеберлік сабағын тамашалаумен жалғасын тапқан көріністер көрермендердің қызығушылығын тудырды. Ауыл жастарының «Этно-кешенде» алтыбақан теуіп, ән шырқағаны мерекелік кешті қыздыра түскен сәттерінің бірі болды.
Тұңғыш Президенттіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Домбыра - қазақтың жаны» деген сөзі бүгінгі көріністерге арқау болып, музей қорындағы домбыралар топтамасынан құралған көрме де көпшілікке таныстырылды.
Ауыл сыртында от жағып, домбырада асқақтата ән салып, күмбірлетіп күй төккен жастардың «домбыра думан» кеші ғажайып аспаптан қазақтың үнін естіп, қазақтың рухын сезінген көрермендер ұлттық дәстүрге ерекше құрмет көрсетіп жатты.
Анимациялық фильмдер балалардың көңілінен шығып, іс-шараның тақырыбы аясында қойылған викториналық сұрақтарға жауап беріп, сыйлықтарға ие болды.