Қала көшелеріндегі көлшікке қасқалдақ неге қонбайды (видео)

0
1 598

​ERNUR.KZ. Шымкентте ирригациялық жүйенің дұрыс жұмыс жасамауы салдарынан жаңбырлы мезгілде қала көшелері көлшікке айналады.


Қала көшелеріндегі көлшікке қасқалдақ неге қонбайды (видео)

ERNUR.KZ. Шымкентте ирригациялық жүйенің дұрыс жұмыс жасамауы салдарынан жаңбырлы мезгілде қала көшелері көлшікке айналады.

Биыл Шымкенттің қысы қарлы болды деуге келмегенімен жауыны күн жылт еткеннен едәуір өндірді. Әсіресе, кешегі жексенбідегі толассыз жауынның көптігі салдарынан қиындықтар туындағаны бар. Бұлай деуімізге себеп, редакциямызға келіп түскен бейнетүсірілім еді. Ақжайықтағы Сырым батыр көшесінде көл боп аққан су жол қозғалысын қиындатқанын көруге болады. Наразылығын білдірген тұрғын «Мына суда жүзуге болады», «Қашанға дейін бұлай жалғаса бермек?», «Облыс, қала әкімдіктері қайда қарап отыр» деген пікір айтады. Ал, синоптиктер наурыз айында да күн райының құбылмалы болатынын ескертуде. Сонда ауа-райы бұзылған сайын, көшелері көлшік болып жататын елдімекендер не істемек керек?

Жалпы жергілікті бюджет есебінен қаржы аударылып, ағынды арықтар мен каналдарды жөндеу қолға алынды. Тіпті мәселесі шешілмеген көшелер тізімі жасалып, сол арқылы сатылап жұмыстар жүргізілуде. Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсыновтың айтуынша, өткен жылы шаһарда 14 ирригациялық жүйе қайта қалпына келтірілген.

«Аудандық әкімдіктер су алып кету қаупі бар орындарды белгілеп берді. Бұл жылы 18 ирригациялық жүйені жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Оның жетеуі Абай ауданында, бесеуі Әл-Фараби ауданында, тағы жетеуі Еңбекші ауданында болса, біреуі Қаратау ауданында орналасқан», - деген болатын тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы.

Осы ретте бұрынғы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың: «Ирригация мәселесі тек Шымкент үшін ғана емес, Қазақстанның өзге де қалалары үшін өзекті болып отыр. Ирригациялық жүйелер ескіріп, жарамсыз күйге енген. Оларды жаңарту үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, алдағы бір-екі жылдың ішінде бұл мәселе шешімін табады», – деген еді. Деуін деді, ескіні жаңалауға тапсырма берді, біразын үлгергенше өз бақылауына алды да. Бірақ жүйелерді жаппай жаңарту мәселесі қаланың іргесіндегі аймақтарды айналып өткендей. Ирригациялық жүйелердің қала орталығындағы басты көшелері жаңаланып, одан қалған ескілерін Шаһар іргесіндегі көшелерді жамауы жауаптылар үшін әдетке айналып кеткендей. Ал, мамандардың айтуынша, тосыннан келетін топан су қаупін туындататындар көбіне қала тұрғындарынан болып отыр екен. Бұл жай ғана сылтау еместей. Себебі, арамызда арыққа қоқыс тастап, су ағысына кедергі келтіретіндер көп.

Десе де Шаһардың іргесіндегі елдімекендер «Сәуірде тәуір болар» деп көл болып аққан ағын судың зардабын тартып отыра алмайды.

Шымкенттің ирригациялық жүйелеріне қатысты мәселені біздер бұған дейін де жазғанбыз. Мәселе сол мәселе күйінде қалып жатқан жоқ. Айтарлықтай жұмыстар да баршылық. Дегенмен...