Қайыршылармен күрес қалай жүріп жатыр

0
2 541

​ERNUR.KZ. Ақпан айының 24 жұлдызында біздер «Көктеммен бірге қайыршылар келе бастады» тақырыбында Шымқалада көктемгі жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кететін қайыршылар туралы мәселе көтерген болатынбыз. Осы мәселеге қатысты Шымкент қалалық учаскелік инспекторлар бөлімінің басшысы Асылхан Төрехановпен сұқбаттасудың сәті түсті.


Қайыршылармен күрес қалай жүріп жатыр

ERNUR.KZ. Ақпан айының 24 жұлдызында біздер «Көктеммен бірге қайыршылар келе бастады» тақырыбында Шымқалада көктемгі жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кететін қайыршылар туралы мәселе көтерген болатынбыз. Осы мәселеге қатысты Шымкент қалалық учаскелік инспекторлар бөлімінің басшысы Асылхан Төрехановпен сұқбаттасудың сәті түсті.

Елімізде қайыршылыққа қатысты жергілікті полиция тарапынан тиісті жұмыстар жүріп жатса да олардың саны неге азаймайды? Ішіп-жемін көшеде қол жайып табатындарды көрікті қаламыздан қалай тазартсақ болады? Аталмыш сұрақтарға ол кісі былай деп жауап берді.

- «Облыс көлемінде қайыршылар мен қаңғыбастардың көп бөлігін өзге елдерден келетіндер құрайды. Кеңпейілділікке салып, кет дей қоймайтын әдетіміздің салдарынан Қазақстанда қайыршылық деңгейі өзге мемлекеттерге қарағанда жоғары. Бұл мәселе күн санап көркейіп келе жатқан шырайлы қаламыздың келбетіне де көлеңкесін түсіруде. Базар, мешіт маңы, вокзал аумағы секілді қоғамдық орындарда қайыршылар аяқ алып жүргізбейді. Өкінішке орай, етегіңе жармаса кететін қайыршылардың арасында өзіміздің қаракөздер де жоқ емес.

Қайыршылар мен қаңғыбастардан Шымкент көшелерін тазарту жұмыстары жыл бойы жүргізіледі. 2017 жылы 843 азамат анықталып, ӘҚБтК 449-бабының 1-бөліміне сәйкес айыппұл салынды. Яғни олардан бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл өндірілді. Жалпы қаланы қайыршылардан тазарту жұмыстары бойынша бізде нақты шаралар түзілмеген. Дегенмен, жергілікті учаскелік полиция қалаға рейд жасау барысында және «102»-ге қала тұрғындарынан осы мәселеге қатысты келіп түскен арызды негізге алып, жұмыс жүргізеді.

Тұрақты мекенжайы, қолында құжаты жоқ тұлғаларды да анықтау шарасы жүйелі қолға алынған. Олар облыс орталығындағы арнайы қамау мекемесіне жеке басын растайтын құжаты табылғанша екі аптадан бір айға дейін жіберіледі. Мұндағы мақсат – үй-күйсіз жүрген және жеке басын растайтын құжаты жоқ қаңғыбастардың тұлғасын анықтап, құжаттарын қалпына келтіруге көмектесу. Егер осы уақыт ішінде базадан қандай да бір дерек табылмаса арнайы мекемеден шыққан кезінде қолына анықтама беріледі. Айта кетерлігі, бұл анықтама арқылы босып жүргендер өзіне кез-келген құжатты рәсімдей алады. Өкініштісі, олар бұл мәселеге селқос қарап, құжат алуды ойламайды. Бұрынғы әдетіне қайта басады.

Күн жылт еткеннен қара суық күшіне мінгенше қайыршылармен күрес шарасы тоқтамайды. Бұл мәселеге қатысты тиісті жұмыстар жыл бойы жалғаса береді», - деді А.Төреханов.

Жалпы жоғарыда аталған айыппұл көлемі тіленіп жүргендердің қалтасына едәуір салмақ болатындықтан, бұдан кейін қол жаймауға уәде ететіндер табылатын көрінеді. Сөзінде тұрып, жұмыс істеп нәпақа табатындардың жоқ еместігін айтқымыз келеді. Әйтсе де мұндайлар аз.