Келестіктер Түркістанға аллея тарту етпек

0
935

Қазіргі таңда аллея аумағына аяқ жолдар төселіп, декоративті ағаш көшеттері егіліп, газон шөптері себілуде


 Келестіктер Түркістанға аллея тарту етпек

Облыс орталығы Түркістанды түлету бағытында қазір қала аумағы 32 секторға бөлініп, барлығында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Соның 16- шы секторы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Келес ауданы және Түркістан қалалық әкімдігі мемлекеттік сатып алу бөлімінің еншісіне берілген болатын. Аталған 16-шы секторда "Яссы"," Баянауыл", "Қарашық" мөлтек аудандары орналасқан.

Сектор бойынша жалпы жер көлемі 850 гектарды құраса, ал үйлердің саны – 1317, тұрғындар саны – 4380, көшелер саны 47. Қазіргі таңға дейін 16-шы сектор аумағында 6260 дана ағаш көшеттері отырғызылды.


Егілген көшеттерге төлқұжат дайындалып, картасы жасалынған. Егілген тал-дарақтар бүгінде толығымен «Жасыл Түркістан» КММ-нің қарауына өткізілген. Секторлардағы егілген көшеттерді суғару мәселесі бойынша қазылған ұңғымалардан суғару жүйесі жүргізілгенге дейін техника (водовоз) арқылы суғарылуда.

Сондай-ақ, жарықшамдар, қоқыс жәшіктері, орындықтар мен аялдамаларды орнату жұмыстары бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізілуде. Орындықтар, қоқыс жәшіктері, аялдамалар дизайндерінің біркелкі болуы бақылауға алынған. Сектор аумағындағы ғимараттардың (тұрғын үй, кәсіпкерлік нысандар және т.б) қасбеттерін ретке келтіру жөнінде меншік иелеріне түсіндіру жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Қазіргі таңда 120 тұрғын үй, 3 кәсіпкерлік нысанның қасбеттері ретке келтірілген. Қасиетті Түркістан қаласын көгалдандыруға Келес ауданынан 15 адам, жергілікті тұрғындардан 5 адам тұрақты жұмысқа тартылды. Тазалық жұмыстарына 3 техника жұмылдырылған. Қаладағы Руханият көшесінің бойынан жастардың бос уақытын тиімді әрі көрікті өткізуі үшін аллея соғылуда.


Қазіргі таңда аллея аумағына аяқ жолдар төселіп, декоративті ағаш көшеттері егіліп, газон шөптері себілуде. Егілген көшеттерді суғару жүйесі (система) жүргізіліп, күнделікті суғарылуда. Орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнатуға да тапсырыс берілді.