Кентау қаласында Coworking – орталық ашылды

0
2 836

Коворкинг-орталықта өзін-өзі дамыту жұмыстары бойынша тренингтер өткізіп, заңдық, IT және маркетингтік кеңестер алуға болады.


Кентау қаласында Coworking – орталық ашылды

Кентау қаласының орталық кітапханасында «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жобасы аясында коворкинг-орталық ашылуына орай салтанатты шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Мұнда жастар өздеріне қажетті жұмыстарымен емін-еркін айналысып, семинар, конференция, іскерлік кездесулер мен өзге де қажетті шараларды өткізе алады. Коворкинг-орталықта өзін-өзі дамыту жұмыстары бойынша тренингтер өткізіп, заңдық, IT және маркетингтік кеңестер алуға болады. «Нұр Отан» партиясы Кентау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сағымбек Асылбековтың айтуынша, Кентау қаласынның кітапханасында ашылған орталықтың тұрғындарға жаңа серпіліс беретін, өңірдің инновациялық дамуына көмектесетін, жаңа ұрпаққа мамандық таңдауға, пікірлестер командасын қалыптастыруға арналған перспективалық жобаларды енгізетін, инновациялық идеялар мен тәжірибелерді іске асыратын орталық болады.

Қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев коворкинг орталықтың ашылуы тек кітап сүйер қауымға ғана емес, барлық қала тұрғындары, әсіресе жастар үшін өте маңызды екенін тілге тиек етті.

-Енді жастар бос уақыттарында үстелдік ойындар ойнап, соңғы жаңалықтарды талқылап, пікір алмаса алады. Сондай-ақ, ардагерлер жиі кездесіп, әңгімелесуге көп мүмкіндік туғызады. Бұл жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізеді, - деді ардагер.

- Біздің кітапханада жұмыс істеуге және демалуға барлық жағдайлар жасалған: ыңғайлы креслолар, үстелдер, жұмыс орындарының ауқымды саны, бірлескен және жеке жұмыстарға арналған алаңдар, ақысыз Wi-Fi, жедел интернет, Skype арқылы сұхбаттасу, принтерлер мен сканерлер. Әріне, бұл барлық қала тұрғындары үшін демалуға арналған ең ыңғайлы алаң, - дейді қала әкімінің орынбасары Самат Расул.