Кентаулық мемлекеттік қызметкер көлігін велосипедке айырбастады

0
2 210

Бөлімге берілген қызметтік көлікті тек рейдтік жұмыстарда, құрылыс нысандарын аралағанда немесе алыс сапарға шыққанда ғана пайдаланады. Басшылардан да «велосипедіңді таста, ұят болады» дегендері де кездесіпті.


Кентаулық мемлекеттік қызметкер көлігін велосипедке айырбастады

Күніне 28 шақырым велосипедпен жүреді

Кентау қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Фурқат Қауынбаев қызметтік көлігі бола тұра, велосипедпен жүргенді жөн санайды. Қаладан 14 шақырым жердегі Қарнақ ауылынан күнделікті жұмысына велосипедпен келіп кету жігіт ағасына ешқандай қиындық тудырмайды.

23 велосипедтің 16-сын ұрлап кеткен
Қайта жан дүниесін сергітеді. Фурқат Захитдинұлының велосипедті жанына серік еткеніне биыл 28 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде 23 велосипед тақымдаған. Олардың екеуі әбден тозығы жеткенше қызметіне жараса, 16-сын ұрлап кеткен.
– Бір велосипедім аптаға жетпей қолды болды. Кейде аптасына екі велосипедті ұрлаттым. Ал ең ұзағын 14 жыл міндім. Рамасының 8 жерінен жамалған еді. Ауылға кетіп бара жатып үш жерінен сынып кетті. Мен көпшілігінде ұсталған велосипедті сатып аламын. Осыған дейін 23 велосипедке мінсем, соның үшеуі-ақ жаңа еді. Бұрындары ауылдан қалаға келгенше бір велосипед мінетінмін. Ал қаланың ішіндегі жұмыстарыма екінші велосипедімді пайдаланатынмын. Қазір барлығына бір велосипедпен барып жүрмін. Үйдегі гаражымда қосымша үш велосипедім тұр, – дейді ол.
Велосипед – денсулығын түзеген
Бұқаралық спорттың бұл түрі жігіт ағасының денсаулығына көп пайдасын тигізіпті. Бозбала шағында жеңіл атлетикамен шұғылданған Фурқат жоғары оқу орнында оқып жүргенде жүгіруден ешкімге дес бермеген. Қатарының алды болып, институттың чемпионы атанған. Тіпті, республикалық универсиадаларға да қатысқан. Үлкен дәрежеге жетпесе де, кішігірім сайыстардың алды болған. Әскерге барған кезінде де жанына серік болған спорттан қол үзбеген. Тек қызметке орналасқан соң, жүгіруін сиретіпті.
– Шахтаға диспетчер болып жұмысқа орналастым. Бір жерде отырып жұмыс істеген соң спортты қоюға тура келді. Біраз күн өткен соң жүрегім ауырып төсек тартып жатып қалдым. Тексерілдім. «Жүрегің үлкейген» деген диагноз қойды. Оған басты себеп – спортты тастап кетуім болыпты. Организм әбден қалыптасып қалғаннан кейін, спортты тастап кетуге болмайды екен. Жүрек ауруы бойынша науқас атанып, есепке тұрдым. Ауруханадан шыққан соң ауылдан қалаға жүгіріп барып келіп жүрдім. Ауылдастарым күліп, келемеждеген соң велосипедке көштім. Сонда да әкеме келіп: «Балаңа қой десейші, ұят қой, ақшасы жоқ болса, ақша берейік», дегендер де болды. Алты жыл қатарынан велосипедпен жүрген соң дәрігерлер «жүрегің қалыпты» деп есептен шығарды. Халық та мені 15 жыл бойы сөз етті. Қазір үйренді, – дейді кентаулық велошабандоз.
Велосипедке айдауға басшылар қарсы болған
Фурқат Захитдинұлы қазір Кентау қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы болып қызмет етеді. Қарнақ ауылынан қаладағы жұмысына 35 минутта жетеді. Бөлімге берілген қызметтік көлікті тек рейдтік жұмыстарда, құрылыс нысандарын аралағанда немесе алыс сапарға шыққанда ғана пайдаланады. Басшылардан да «велосипедіңді таста, ұят болады» дегендері де кездесіпті. Тіпті, «Сен өзіңе жүктелген жұмысты емес, жеке істеріңді атқарып жүрсің», деп ұрысқан кездері де болыпты. Тек жағдайды айтып түсіндірген соң, «жоқ» дей алмапты.
Фурқат велосипедті жоғары талғаммен алады. Ақауы байқалса, жөндеп алу еш қиындық тудырмайды. Жақсылап күтіп мінсе, жемшөп, бензин сұрамайтын велосипед жүріп-тұруына жарап тұр.
– Жуырда балам Алматыдан 1985 жылғы велосипед алып келіп берді. Жаңасын алмақшы болып едік, 300 мың теңге тұрады екен.
Бізге қымбатқа түсті. Содан базардан 15 мың теңгеге ескісін алдық. Қаланың адамдары да мені жақсы таниды. «Менде мынандай велосипед бар, аласың ба?» – деп ұсыныс жасайтындары да бар. Егер де ұнап жатса, кері қайтармаймын. Велосипедті қысы-жазы тебемін. Егер де қыста қар қалың болса, жұмысыма велосипедті жетелеп жаяу барып келемін. Бұл бір жағынан маған үлкен демалыс, – дейді ол.
6 метрлік жертөлесінен бөлме жасаған сәулетші
Фурқаттың мамандығы – сәулетші. Оны көпшілік кей кездері өнертапқыш деп те атайды. Қолы жұмыстан қалт еткенде жиналмалы саты мен автоматты түрде ашылатын қақпа және желден энергия алатын желдеткіш жасайды. – Желдеткішке велосипедтің динамосын қойдым. Құрылымы дұрыс болмады. Өте қатты жел тұрмаса айналдыра алмайды. Қазіргі кезде енді қолданысқа еніп жатқан автоматты түрде ашылатын қақпаны мен 20 жыл бұрын жасағанмын. Үйімнің астындағы жертөледен 6 метр тереңдікте тағы бір бөлме жасадым. Оны «шілдехана» деп атадым. Күн қатты ысығанда сол жерге түсіп демаламын. Далада 40-45 градус ыстық болса, шілдеханада 20-21 градус болып тұрады. Салқын. Жанға жайлы, дейді ол.

ERNUR.KZ тілшісі,

Кентау қаласы