​ХХI «Қазақ романсиадасы» романс орындаушыларының жеңімпаздары анықталды

0
1 321

Биыл жиырма бірінші рет ұйымдастырылған өнер додасына 70-ке жуық үміткер қатысты.


​ХХI «Қазақ романсиадасы» романс орындаушыларының жеңімпаздары анықталды

Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газеті және славян ұлттық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен өткен ХХI «Қазақ романсиадасы» романс орындаушыларының аймақтық байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қазылар алқасының шешіміне сәйкес «Кәсіпқой және студенттер» номинациясы бойынша Бас жүлде алматылық Мадина Ерлановаға берілсе, бірінші орынға астаналық Алтынбек Әбілда, Өзбекстан Республикасынан Абдулла Ширинов, Шымкент қаласынан Нұрқанат Тапиев лайық деп танылды. Екінші орынмен Ташкент қаласынан келген Антонина Нестерова, Астана қаласынан Қайсар Мұхтар, Ташкенттен Ришат Решитов марапатталса, үшінші орынға Түркістан облысынан Айдар Байымбетовті, ташкенттік Доротея Захарованы, қызылордалық Руслан Рызмановты, өзбекстандық Фаррух Исматовты лайық деп тапты. Сондай-ақ, қазақ романсы бойынша алматылық Мақсат Кәдір бірінші орынға, астаналық Гүлнұр Жақсылықова екінші орынға, алматылық Марьям Нурлла үшінші орынға, алматылық Самат Шоиов үшінші орынға ие болды.

Биыл жиырма бірінші рет ұйымдастырылған өнер додасына 70-ке жуық үміткер қатысты.

Байқауға Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Еңбек сіңірген әртісі Преображенская Галина Сергеевна, ҚР еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚҰУ-нің кафедра меңгерушісі, академик Абилов Шахимардан Қайдарұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық байқаулардың лауреаты, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының доценті Кенжебеков Ұлан Мырзақасымұлы, Өзбекстан Республикасының халық әртісі, Өзбекстан Мемлекеттік академиялық театрының көркемдік жетекшісі, профессор Раджабов Аваз Акбарович, Қазақстан Республикасы Халықтар достығы ассамблеясының мүшесі Кирюхин Юрий Георгиевич, облыстық опера және балет театрының солисті, халықаралық байқаулардың лауреаты Расқалиева Гүлжан Климқызы төрелік етті.

Байқауды ұйымдастыруға Ресей Федерациясының өнер қайраткері, Еңбек сіңірген әртісі Галина Сергеевна Преображенская қолдау көрсетіп, жыл сайын әр қорытынды гала-концертті өзі жүргізіп, тыңдармандарына айрықша әсерге сыйлап келеді.

Сонымен қатар, жыл сайын байқау жеңімпаздарына желтоқсан айында Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы Одақтар үйінің Колонна залында өтетін дүниежүзілік романс орындаушыларының қорытынды байқауына қатысу үшін жолдама беріледі.

Романсиаданың жеңімпаздары -Абдумалик Абдукаюмов, Дина Хамзина, Береке Енкебаева, Рамиз Усманов, Илона Тен, Бауыржан Исаев, Қаракөз Абдушарипова, Жеңісбек Пиязов, Бахыт Жақыпов Еуропа, ТМД елдері мен еліміздің ең танымал сахналарында өнер көрсетіп жүр.

Байқау «Кәсіпқой және студенттер» және «Қазақ романсы» номинациялары үшін ұйымдастырылған.

Бүгінде романсиада Орта Азия мемлекеттері мен алыс және жақын шет елдерден, еліміздің барлық облыстарынан үміткерлер қатысатын танымал байқауға айналды.

Қазақ романсиадасы жыл өте аяққа нық тұрып, жылдан-жылға түрленіп, қазақ романстары мен қазақ академиялық вокалдық музыкасын кеңінен насихаттап келеді.