Көктем келіп, Шымкентте үйлер де "түлей" бастады (фото)

0
2 657

Тұрғындардың айтуынша пәтер иелері былтыр қала әкімдігінің өкілдерін шақырып, бұл «келеңсіздікті көзіне шұқып тұрып» көрсетіп те берген. Хат та жазған. Бірақ, сол кезде қозғала қойған ешкім болмапты.


Көктем келіп, Шымкентте үйлер де

фото: © ernur.kz/ Ермек Момынов

«Нұрсәт» тұрғын алабында салынғанына небәрі екі-ақ жыл болған үйлердің бүгінгі кейпі «оқ тигендей». 2016 жылы Тәуелсіздік мерекесімен бірге қоныс тойын тойлаған тұрғындардың көңілдері бүгінде пәс. Өйткені, қаланың ең жақсы жерінен баспана алдық деп басында қуанған болса, үйдің бүгінгі сиқы туырлығы шұрқ тесік кедейдің киіз үйіне ұқсап тұр: сыртындағы сылағы әр жерден түсіп қалған.

Ең қызығы бұл баспана облыс әкімдігінің дәл жанында орналасқан.

Тұрғындардың айтуынша пәтер иелері былтыр қала әкімдігінің өкілдерін шақырып, бұл «келеңсіздікті көзіне шұқып тұрып» көрсетіп те берген.

Хат та жазған. Бірақ, сол кезде қозғала қойған ешкім болмапты. Үйді салған Алматылық «Комстроймонтаж» компаниясы.

Мердігер фирма өкілінің айтуынша (суретте), көпқабатты тұрғын үйлердің сыртындағы сылағын жаңарту жауын-шашын тоқтасымен басталмақ.

- Қалалық құрылыс бөлімінен хат түскен мұны жөндеу туралы. Міндетті түрде жөндейміз. Ауа-райының жағдайына байланысты, жауын-шашын болып істей алмадық. Ақша бөлінеді, фасадты ретке келтіреміз, - дейді «Комстроймонтаж» ЖШС-гі директорының орынбасары Ғани Мұсабеков.

Оның түсіндіруінше, кінәрат құрылыстың сапасында емес ғимарат салуда қолданылған құрылыс материалында.

Бұл үйлер газды блоктардан салынған. Ол онсыз да жылу сақтағыштығы жоғары материал. Ал, тапсырыс берген қалалық құрылыс бөлімінің жобасында үйдің сырты тағы да вермикулитпен көмкерілген. Ол жауын-шашын кезінде ылғалды сіңіріп алады екен де, күн ысығанда оны буландырып сыртқа шығаратын көрінеді.

Міне сылақтың түсіп қала беруінің сыры сонда екен. «Нұрсәт» тұрғын алабындағы бұл үйлердің мердігерлік кепіл мерзімі тағы екі жылдан соң аяқталады. Оған дейін сыр берген сылақты құрылысшылар жөндеп берер. Ал, кепілдің мерзімі біткен соң кім жөндейді?

ERNUR.KZ

фото: © ernur.kz/ Ермек Момынов