Әкімнің орынбасары журналистерді неге қайтарып жіберді?

0
1 334

Ғабит Патшаханұлының сөзіне қарағанда жиналысқа жауапты мамандар, 4 ауданның прокурорлары, осы аудан әкімдері орынбасарлары қатысты.


Әкімнің орынбасары журналистерді неге қайтарып жіберді?

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімшілігінде заңсыз салынған құрылыстар жөнінде жиналыс болатынын естіп, солай қарай жолға шықтық. Қалалық әкімдік ғимаратының ішіне жиналып тұрған БАҚ өкілдерін көргенде, алғашқыда түсінбей қалғанымыз рас. Біраз уақыттан кейін ішке енуге рұқсатымызды алып, 2 қабаттағы мәжіліс залына бардық.

Сәл кешігіп басталған жиналысты қала әкімінің орынбасары Мәуленқұлов Ғабит Патшаханұлы жүргізді.

Бізге белгілі болғанындай жиналып отырғанымыздың себебі – бас жоспарға өзгерістер еніп, сол бойынша нақты жұмыстар жасалынып отырған көрінеді. Оның негізгі себептері - осы Шымкент қаласына кейіннен қосылып отырған 3 аудандағы жаңадан қосылған елді мекендердегі(Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарынан) ретсіз салынып кеткен құрылыстар жөнінде болды. Кезінде ауыл шаруашылығына берілген жерлерге тұрғын үйлер салынып кетіпті. Бүгінгі таңда заң аясынды соны реттеу мәселесі талқыланып жатыр екен.

Ғабит Патшаханұлының сөзіне қарағанда жиналысқа жауапты мамандар, 4 ауданның прокурорлары, осы аудан әкімдері орынбасарлары қатысты. Ең бірінші мәселе тұрғындардың арасында кезінде беріліп кеткен немесе өздері қоршап алған жерлерді мемлекет заңдастырып береді деген түсінік болмауы қажет. Өз уақытында шешімдері беріліп, түрлі себептермен заңдастырылмай қалған жер телімдері мен құрылыстардың мәселелері шешімін таппай тұрған көрінеді. Шымкент қаласының жаңа бас жоспарына сәйкес, Абай ауданы бойынша Жаңаталап тұрғын алабында 258 жер телімі анықталып, оның 52-сін игеріп отырған азаматтардың өтініштері алынған. Сонымен қатар Игілік тұрғын алабының 610 жер телімінің ішінен 96-на, Құрсай мөлтек ауданының 30 ішінен 14-не, Қаратау ауданы бойынша Сайрам мөлтек ауданы бойынша 188 жер телімінің ішінен 88-не қала құрылыс қорытындылары жасалып, жеке азаматтардан өз жерлерін заңдастыру жөнінде өтініштер алынып, қалалық жер комиссиясының кезекті отырысына дайындалыпты. Сонымен бірге облыс прокуратурасымен бірлесе отырып, заңдастырылмаған жерлерді анықтау мақсатында жұмысшы топ құрылыпты. Оның негізгі міндеті халық арасында наразылықты болдырмау және жер телімдері мен жылжымайтын мүліктерді құжаттандыру болып табылады.

Анығында бізге берілген мәлімет осы ғана. Неге екені түсініксіз, бұдан әрі қала әкімінің орынбасары Ғабит Мәуленқұлов кейбір мәселелердің журналистерден тыс талқыланатыны жөнінде өтініш айтып, БАҚ өкілдерін мәжіліс залынан шығарып жіберді. Аң-таң болып біз қалдық, сонда бұл тек шенеуніктер арасында талқыға түсетін мемлекеттік құпия ма, әлде жылжымайтын мүліктерді заңсыз алып қойған кейбір шенеуніктерді тәртіпке шақырғысы келді ме? Ол жағы бізге жұмбақ болып отыр. Шымкент қалалық баспасөз қызметі «бұл қалай?» деген сұрағымызға қорытындысын кейін айта жатармыз деп жұбатып, шығарып салды бізді.