«Қорықшы мен браконьерлердің ТІЛІ БІР»: Шардарадалық тұрғын браконьерлерге қатысты шағымын айтты

0
479

«Анда-санда бір барғанда ақысын төлеп, жолдама алып тұрып балық аулай алмау, айдаладағы браконьерлерден боқтау есту қорлық емес пе?».


«Қорықшы мен браконьерлердің ТІЛІ БІР»: Шардарадалық тұрғын браконьерлерге қатысты шағымын айтты

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шардаралық тұрғындар браконьерлердің кесірінен жарытып балық аулай алмай жүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Шардара су қоймасы – Түркістан облысындағы туристік аймақтардың бірі. Жаз айларында мыңдаған адам шомылуға барса, рұқсат берілген уақытта балықшылар мекеніне айналады. Дегенмен, жергілікті тұрғындар браконьерлердің кесірінен дұрыстап балық та аулай алмай жүргендерін айтп шағымдануда. Солардың бірі – Алдияр Ибрагим есімді әлеуметтік желі белсендісі. Ол өзінің фейсбук желісіндегі парақшасына бірер күн бұрын осы мәселе жайында жазба жариялдаған болатын.


«Шардара қармақпен балық аулап болмайтын дәрежеге жетіпті. Егерьлердің браконьерлермен тілі бір. Браконьерлерің қармақ жететін жерден айналдырып тор тастап жүр қайықпен. Тастама десек боқтайды оңбағандар. Жағаға шық десең шықпайды. "Шаруаң болмасын" дейді. Егерь Серегаға звондасақ қазір қуып шығамыз деді де, сонымен жоқ. Қайта-қайта қоңырау шалсаң өтірік қуған болады. Торларына тиіспейді. Ым-жымы бір. Неткен жемқорлық мынау? Жағалауда қармақпен балық аулау үшін путевка сатып аламыз. Қаншама халық бір балық аулай алмай қайттық. Путевканы береді екен, браконерлерді тыйса қайтеді?», - делінген оның жазбасында.

Ескерту: автор жазбасындағы кейбір орфографикалық қателіктер түзетілді


Осы орайда шардаралық тұрғынның шағымын нақтылау мақсатында өзіне хабарласып көрдік. Оның айтуынша, 30 қаңтар күні кешкісіш үш жігіт болып балық аулауға барған.


«Түнгі сағат 12 шамасында дәл алдымыздан 100-120 метр жерде қайықпен ау тастап жүргендерді көрдік. Тор тастамаңдар, шығыңдар бері, не кетіңдер деп айқайладық. Ал, олар өзімізді боқтап, торларын тастап жәйбарақат әрекет ете берді. Арамыздағы бір жігіт қорықшыға қоңырау шалып, болған жәйтті түсіндірді. Қорықшы болса, "қазір барамые" деді де, жоқ болды. 1-1,5 сағаттан кейін қайықпен келіп қуған болды. Бірақ, торларына тиіспеді. Сосын, біз мұнда балық болмайтынын білдік те, түнгі сағат 2-лер шамасында басқа жаққа кеттік. Ол жақта да түнімен балық түспеді. Ал, таңға жақын қайықпен тор жинап жүргендерді көрдік. Күн қараңғы, тұман еді. Торларын жинап кетті. Сонда бұл жерге де біз келгенше тор тастап кеткенін түсіндік. Бұлар қанды қайнатты ғой. Анда-санда бір барғанда ақысын төлеп, жолдама алып тұрып балық аулай алмау, айдаладағы браконьерлерден боқтау есту қорлық емес пе?», - дейді Алдияр Ибрагим.

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Мәселенің мән-жайын білмекке бекініп, Шардара ауданының әкімдігіне хабарластық. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы бұл мәселеге "Хамит" СПК балық өңдеу зауыты атты мекеме жауап беретінін айтты.


Ал, Хамит" СПК балық өңдеу зауытының қызметкерлері болса, «бастығымыз іс сапарда. 1-2 күнде жұмысқа келіп қалады. Сосын хабарлаймыз» - деп жауап берді.


Қалай болғанда да, бұл мәселенің мән-жайы бүгін-ертең анықталып, шешімі шығайын деп тұрған жоқ сияқты. Әуесқой балықшылардың шағымы бойынша заңсыз балық аулаушыларға шара қолданыла ма, оны алдағы уақытта көре жатармыз.