​ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Түркістан облысына келді

0
1 104

Делегацияны аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев бірқатар нысандарды аралатып таныстырды.


​ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Түркістан облысына келді

Түркістан қаласына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған жұмысшы топ келді. Облыс орталығының даму жоспарымен арнайы танысуға келген делегацияны аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев бірқатар нысандарды аралатып таныстырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Алдымен қонақтар «Әзірет-сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығына аялдады. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңынан салынатын тарихи архитектуралық жобалардың нобайымен танысты. Аталған аумақта 98 гектар жерге жалпы сметалық құны 145 млн. 005 мың теңге болатын Рухани және мәдени орталық салынатын болады.

Сондай-ақ, астаналық делегация Отырар мөлтек ауданында болып, әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеріп жатқан нысандарды аралап көрді. Онда қазіргі таңда 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 1536 пәтердің 1200-і (20 тұрғын үй) арендалық үйлер болса, қалған 6 тұрғын үй, яғни 336 пәтер кредиттік баспаналар қатарында.

Биыл қыркүйек айында іргетасы қаланып, мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан 60 пәтерлі 20 тұрғын үйдің 11-і (660 пәтер) 2019 жылдың сәуір айында тапсырылады. Ал, 9 тұрғын үй (540 пәтер) келер жылдың қараша айына ел игілігіне берілмек. Кредиттік көпқабатты 6 тұрғын үйдің (336 пәтер) құрылыс жұмыстары 2019 жылдың маусым айында аяқталып, пайдаланылуға тапсырылады. Сондай-ақ, онда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 280 орындық балабақша мен 900 орындық мектеп бой көтеруде. Одан бөлек, іскерлік орталықта әкімшілік ғимараты, басқармалар және департаменттер үйлері және 5 жұлдызды «Риксос» қонақ үйінің құрылысы басталып кетті.