Мақсатым әлем танитын бренд ашу – түркістандық оқушы

0
894

Дегенмен, зергерлік өнерді дәріптейтін байқаулардың аз екенін айтты.


Мақсатым әлем танитын бренд ашу – түркістандық оқушы

Түркістандық оқушы қазақтың ұлттық өнерін дамытуды мақсат етіп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы А.Байтұрсынов мектебінің 10 сынып оқушысы Әбдіханов Әбдуәлі «Зергерлік өнер» және «Ағаш шебері» үйірмесіне 12 жасынан бастап қатысып келеді. Өзінің айтуы бойынша ол бұрын-соңды зергерлік өнерге қызықпаған. Оның бұл өнерге келуіне себепкер болған – анасы Момбекова Жамила. Ал, қазіргі жетекшісі – Қазақстан қолөнершілер және дизайнерлер одағының мүшесі, зергер, қолөнер шебері Оспанов Нұрғали.

«Ең алғаш үйірмеге келген сәтте қобалжу болды. Дегенмен Нұрғали ағайдың: «Әр ісіңе ұқыптылықпен қарасаң, бұйым ойыңдағыдай шығады» - деген қолдау сөзі мені шабыттандырып, сенімсіздігімді сейілтті. Бірінші жасаған бұйымым қазақи сырға еді. Керемет деп баға беруге келмейді. Бірақ, ол мен үшін үлкен жетістік еді. Осылайша мен қазақтың зергерлік бұйымдары – білезік, алқа, жүзік және тағы да басқа бұйымдар істеп, сата бастадым», - дейді жас зергер.


Әбдуәлі «болашақта қазақтың ұлттық өнерін, салт-дәстүрін дәріптейтін зергер боламын» дейді. Басты мақсаты – әлем танитын «Болашақ» атты жеке бренд ашу.

Ол өз мақсатына жету жолында аянбай еңбек етіп, біршама жетістікке де жетіп үлгерген. Мәселен, "Жұмадағы кездесу" жобасы аясында ҚР мәдениеті мен қолөнерінің дамуына үлес қосқан қоғам қайраткері, ғалым Тасболат Сүйімбаевты еске алуға арналған қолөнер және сурет байқауында Әбдуәлі І дәрежелі диплом иеленген. Дегенмен, жас қолөнер шебері өз сөзінде зергерлік өнерді дәріптейтін байқаулардың аз екенін айтып өтті.

«Егер, қолөнершілерді қолдайтын байқаулар көптеп ұйымдастырылса, өз өнерімді дәлелдеу үшін республикалық, халықаралық байқауларға қатысуға дайынмын», - дейді Әбдуәлі.


Әбдіханов Әбдуәлі қазіргі уақытта жетекшісі Нұрғали Оспановпен бірге заманауи үлгідегі зергерлік бұйымдар дайындап жатыр екен.