Мақтаарал ауданындағы индустрияландыру жұмыстарына оң баға берді

0
2 710

Мақтаарал ауданында асфальт-бетон зауыты, полиэтилен өнімдерінің және медициналық мақта өнімдерінің өндірісі, сондай-ақ темірді қайта өңдеу өндірісі іске аспақшы.


Мақтаарал ауданындағы индустрияландыру жұмыстарына оң баға берді

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков пен облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғанибет Әубәкіров Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудан әкімі Бақыт Асанов жергілікті жердегі индустрияландыру жұмыстарының жай-күйіжәне ауыл шаруашылығының даму барысымен таныстырды.

Ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Мақтааралдың жаңа орталығы болған Мырзакент кентіндегі бірнеше нысандарды аралап көрді. Атап айтқанда, кенттегі күрделі жөндеуді қажет ететін Қажымұқан атындағы орталық стадионның, аудан әкімдігінің дербес бөлімдері жайғасқан №120 жалпы орта мектептің және күрделі жөндеуден өтіп жатқан Мақтаарал ауданы әкімі аппараты ғимаратының жағдайымен танысты. Аудан әкімі Б.Асанов облыс әкімінің орынбасарынанМақтааралдың жаңа орталығында көптеген жобалар мен жұмыстар жасау үшін келер жылы облыстық және республикалық бюджеттен үлкен қаржы бөлуге ықпал жасауды сұрады.

Мұнан соң Е.Тасжүреков Мақтаарал ауданының индустриялды аймағына барды. Мұндағы мақта теру маусымына орай қызу жұмыс жасап жатқан «Береке-ММА» мақта тазарту зауытын тамашалады. Ағымдағы жылы Мақтаарал ауданының индустриалды аймағында 1 жоба, келесі жылы 2 жоба, арғы жылы тағы 1 жоба іске асырылып, 200-ден астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады.

Мақтаарал ауданында асфальт-бетон зауыты, полиэтилен өнімдерінің және медициналық мақта өнімдерінің өндірісі, сондай-ақ темірді қайта өңдеу өндірісі іске аспақшы. Облыс бойынша мақта шикізатының 70 пайыздан астамы Мақтаарал және Жетісай аудандарына тиесілі болғанымен, өңірде шикізатты әрі қарай дайын өнімге айналдыратын кәсіпорындар жоқтың қасы. Бұл ретте Мақтааралдың индустриалды аймағында тоқыма кластеріне, сондай-ақ мақтадан дайын өнім жасайтын басқа да жобаларға көңіл бөлінетін болады.

Облыс әкімі орынбасарының соңғы танысқан нысаны – «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институты. Мақта шаруашылығындағы ғылыми-зерттеулерді дамыту арқылы отандық бәсекеге қабілетті мақтаның жаңа сорттарын шығару, мақта өндірудің тиімділігін, инновациялық технологияларды өндіріске ендірумен Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары айналысып, бірқатар жетістіктерге жетті. Мақтаның 12 орта талшықты, сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді, өнімділігі басқалардан 5-6 ц/га жоғары сорттары шығарылды. Олардың 7-еуі (ПА-3044, Мақтаарал-4005, ПА-3031, Береке-07, Мақтаарал-4007, Мақтаарал-4011, Мырзашөл-80) аудандастырылды.

«Біз мақтадан бөлек, бақша дақылдарын зерттеуді де қолға алдық. Қазіргі таңда экспортқа төзімді, бәсекеге жарамды мықты сорттарды жасап шығардық. Мақтааралдық ғалымдар жасаған «Мырзашөл», «Жиен», «Валет» атты сорттарды Жетісай, Шардара, Отырар сияқты бақша дақылдарын өндіретін бірнеше аудандардың шаруалары пайдалануда. Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша өндірілетін 1 миллион 300 мың тоннадан астам бақша өнімдерінің басым бөлігі, оның ішінде экспортқа шығып жатқан бақша өнімдерінің барлығы дерлік біз жасап шығарған сорттар екенін айта кету керек» - деді институт директоры И.Үмбетаев.

Айта кетейік, облыс әкімінің орынбасары Е.Тасжүреков институт ғалымдарының жұмыстарына дән риза болып, Мақтаарал ауданында жасалып жатқан индустрияландыру жұмыстарына оң баға берді.