​Мақтааралда тұқымдық шит сапасын жақсарту жайында жиын өтті

0
3 158

Соңғы жылдары жаңа тұқымдық шит сорттарын көбейтіп, оның сапасын жақсартуда Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары жүйелі, нәтижелі жұмыс жүргізуде.


​Мақтааралда тұқымдық шит сапасын жақсарту жайында жиын өтті

Мақта шаруашылығымен айналысатын Мақтаарал және Жетісай аудандарында сапалы тұқымдық шит дайындау өзекті мәселенің бірі. Осы және өзге де мәселелерді бірлесіп шешу мақсатында Мақтаарал ауданындағы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу интитутында өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Соңғы жылдары жаңа тұқымдық шит сорттарын көбейтіп, оның сапасын жақсартуда Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары жүйелі, нәтижелі жұмыс жүргізуде. Басқосуда тұқым шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтер аталмыш институттың сапалы тұқымдық шиттерін алып, оны көбейтулері керек екендігі, оны шаруаларға жеткізіп беру мерзімдері мен жолдары талқыланып, мақта зауыттарында осы тұқымдық шиттен өндірілген мақтаны бір жерге, бір бунтқа жинау мәселесін қатаң түрде қадағалау қажетігі айтылды.

Соңғы жылдары мақта зауыттарына өткізілген түрлі сорттар, соның ішінде Түркия, Қытай елдерінен әкелінген тұқым шиттерінің араласып кетуі жиілеген. Шет елден аудандастырылмаған мақта сорттары тұқым сапасын төмендетіп, өнімділікті азайтатынын айтып дабыл қағуда. Осындай олқылықтарды жою мақсатында алдағы уақытта «Мырзакент» мақта зауытында арнайы бунт жасау, Р-1, R-2 және элиталы сортты мақтаны бір жайға жинауды қолға алу жоспарланып отыр.

«Тұқым сапасын арттырудағы кемшіліктерді болдырмас үшін тұқым шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын құрып, өзіміздің жерде аудандастырылып, тәжірибе, сынақтан өткен жақсы сорттарды көбейтуге күш салуымыз қажет. Бұл мәселемен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі жүйелі түрде айналысуы керек»,- деді Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов.