Мал бағуға шыққан алты жасар бала көпірден суға құлап мерт болды

0
1 022

Абайсызда көпірден құлап суға кеткен баланы құтқармақ боп артынан тоғыз жасар досы секірген.


Мал бағуға шыққан алты жасар бала көпірден суға құлап мерт болды

Таңертең мал бағуға кеткен алты жасар бала көпірден құлап суға кетіп мерт болды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қайғылы жағдай бүгін 24 тамыз күні Түркістан облысы Шардара ауданында болған. Бүгін таңертең 2014 жылы туған бүлдіршін мен оның 2011 жылы туған досы екеуі мал бағуға кеткен. Сағат 09.20 шамасында алты жасар бала биіктігі үш метр қоршаусыз көпірден аяғы тайып суға құлап кеткен. Магистралдық каналдың ені 50 см болса, су тереңдігі 2,5 метр.

Абайсызда көпірден құлап суға кеткен досын құтқармақ боп артынан тоғыз жасар бала да секірген. Алайда су ағысына шамасы келмеген бала да суға бата бастаған. Сол маңда болған ересектер суға батып бара жатқан тоғыз жасар баланы байқап қалып, судан шығарып құтқарып қалған. Кішкентай досын құтқарам деп суға кете жаздаған бала ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер жағдайын орташа деп отыр.

Ал алты жасар баланың суға кеткені туралы сағат 10.30 шамасында құтқарушыларға хабарланған. Құтқарушылар судан баланың денесін іздеп тауып, туғандарына берді.

"Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары кезекті рет Түркістан облысы Шардара ауданында іздестіру-құтқару операциясын өткізді. Суға батқан бала туралы хабарлама 24 тамызда сағат 10-25-те келіп түсті. Сол жағалау кентінен 1 км қашықтықта Қызылқұм магистралды каналында Шардара жедел-құтқару жасағының 5 құтқарушысы 2014 жылы туылған баланы іздестірді. Шардара құтқару бекетінің құтқарушылары жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде суға батып кеткен баланың денесін тауып алып, оны судан алып шықты,"- деп мәлімдеді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Іздестіру жұмыстарына 34 адам жұмылдырылған. Шомылу маусымы басталғалы Түркістан облысы аумағында құтқарушылар суға кеткен 28 адамның денесін тапқан. Оның 8-і бала. Бір бала аман есен құтқарылған.