Мәжіліс депутаты мақталықты аралады

0
1 917

Берік Серікұлы қойылған сұрақтарға тиісті жауабын берді


Мәжіліс депутаты мақталықты аралады

ERNUR.KZ. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Берік Оспанов Бәйдібек ауданына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Бәйдібек ауданына ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Берік Оспанов келді. Берік Серікұлы алдымен "Нұра" бойындағы мақталықты аралады. Мақтаның өнімі мен сондағы басқа да дақылдардың түсімі жайында дихандар Нұрлан Әбілхасымов пен Самат Кәдіров және Сейілбек Шаданов, сонымен бірге ауыл әкімі Төлеген Дәрменбаев мырза айтып өтті.

Сондай-ақ, дихандар биылғы жылы мақталықтың әр гектарынан 20-25 центнерден аламыз деген ниетте. Өткен жылғы өнім бұдан әлдеқайда жоғары болған. Ал, биыл төмендеу. Оның басты себебі ағын судың тапшылығы. “Бөген су қоймасынан” келер суға негізінен іргелес аудан мен Түркістан аймағының мақташылары ие. Алқаптың бірінші суғарылымын ғана осы қоймадан алып үлгерген дихандар, екінші суғарылымында өздері қолдан қазып алған құдықтың суын пайдалануда екен.

Содан кейін Мәжіліс депутаты Берік Серікұлы Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Мәдениет ауылындағы мектептің мәжіліс бөлмесінде ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстардан көпшілікті хабардар етті.

Аталған, кездесуде ауыл тұрғындары "Ел ырыс" ЖШС-нің төрағасы, кәсіпкер Есенбай Қанашаев пен ұстаз Тұрмысбек Құнанбаев және ауыл қариясы Әбіш Түймебаев көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін айтты.

Мәжіліс депутаты Берік Серікұлы қойылған сұрақтарға тиісті жауабын беріп, ұсыныс-пікірлерді өзінің қойын дәптеріне жазып алды. Көпшілік бұл кездесуді жылы қабылдады. Сөз сөйлеушілер аудан орталығынан тысқарылау жатқан аймаққа алыс-жақын мәртебелі қонақтардың аз келетінін алға тартты.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Темір Айкен Мәкенұлы қорытып, көпшіліктің көкейіндегі ойды дөп басып, мәжілістегі қабылданған, қабылданып жатқан заңдардан толыққанды хабардар еткені үшін мәжіліс депутатына алғысын айтты.