Мұхтар Құл-Мұхаммед Арыстағы жағдайға байланысты: "Шынайы ақпарат таратыңыздар!"

0
1 458


Мұхтар Құл-Мұхаммед Арыстағы жағдайға байланысты:

Арыстықтардың жай-күйімен танысу үшін ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед және Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Әли Бектаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің мүшесі Әлімжан Құртаев Түркістан облысына арнайы келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ордабасы ауданы, Ақжол ауылы, Жамбыл атындағы орта мектепте орналасқан арнайы штаб жұмысымен жіті танысқан сенаторлар төтенше жағдай бойынша тынбай жұмыс атқарып жүрген азаматтарға жоғары баға берді.

«Жарылыс болған сәттен жедел жұмыс атқарған штаб жұмысын жоғары бағалаймын. Өйткені, ең басында нақты шешім қабылданбай, жұмыс жүйелі жүрмесе, апат салдары бұдан да ауыр болатын еді. Арыстағы жағдай әлі де қазақ халқының береке-бірлігінің барын көрсетті. Қазіргі кезде халықты үрейлендіретін, жалған ақпарат көп тарауда. Осы орайда, баршаға, журналистер қауымына шынайы ақпарат таратыңыздар деген тілек айтқым келеді», – деді М.Құл-Мұхаммед.

Арыстағы апат барлық қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады деген Асқар Бейсенбаев қайтыс болған азаматтардың отбасына, ағайындарына көңіл айтып, штаб жұмысының жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жамбыл атындағы мектептегі штабтан соң сенаторлар Арыс қаласында орын тепкен екінші штаб жұмысымен танысуға бет алды.