«NUR OTAN» мұқтаж отбасына баспана салып берді

0
760

Мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған 3 баланың анасы қонақтарды шашу шашып қарсы алып, алғыстарын білдірді.


«NUR OTAN» мұқтаж отбасына баспана салып берді

Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарасу ауылының тұрғыны мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты ана Дариға Аманбаеваға «Nur Otan» партиясы Қарасу Бастауыш партия ұйымы төрағасының ұйымдастыруымен баспана салып берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков қуаныш иелерінің шаңырағына барып, отбасының бүгінгі тұрмыс-тіршілігін көрді. Мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған 3 баланың анасы қонақтарды шашу шашып қарсы алып, алғыстарын білдірді.

«Қамқорлық деген қанымызда бар асыл қасиет. Жанашыр бола білуді, жүрек жылуымен қол ұшын созуды адамның азаматтық парызы, деп білуіміз керек. Қолынан келгенше ел болып, бауыр болып, көрші болып бір-біріне аяққа тұруға қолғабыс бола білген жөн. Сіздердің қуаныштарыңызды көріп, толқып тұрмын», – деді жаңа қоныс иелерімен қауышқан облыс әкімі.

Түркістан облысында жүзеге асып жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беруді меңзейді. Жақсы іске жанашыр ізгі ниетті, ақ тілеулі азаматтар әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж жандарға тұрмысқа қажетті заттарын, көмір, отынын молынан үйлестіруде.

Жақын уақытта Қарасу елді мекенінің тағы бір отбасы тұрғын үй тауқыметінен арылады. Қамқорлықты қажет ететін Абдуалиевтер отбасына тұрғын үй салынуда. Аталған жұмысқа Бастауыш партия белсенділері, ауыл тұрғындары, мәслихат депутаттары демеушілік жасауда. «Қамқорлық» бағдарламасы аясында Нұротандықтар алдағы уақытта көмекке мұқтаж отбасыларға баспана салып беруді жалғастыра береді. Жалпы, облыс бойынша 2 мыңға жуық отбасына жоба аясында жан-жақты қамқорлық жасалмақ.