ОҚО-да аудан әкімінің баспасөз хатшысы жастарды шетелде жұмыс істеуге үгіттеді

0
2 618

​ERNUR.KZ. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Дәурен Дүйсебай ел жастарын АҚШ, Еуропа секілді елдерге кетуге шақырды.


ОҚО-да аудан әкімінің баспасөз хатшысы жастарды шетелде жұмыс істеуге үгіттеді

ERNUR.KZ. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Дәурен Дүйсебай ел жастарын АҚШ, Еуропа секілді елдерге кетуге шақырды. Оның ойынша, елде жұмыс жоқ, ал шетелде екі қолға бір күрек табуға болады. Бұл туралы ол Дәурен Болыс деген аккаунтпен ашылған Facebook желі парақшасында жария етті.

«Жастарды АҚШ-қа, Еуропаға баруға кеңес беремін. Елде жұмыс жоқ. Ол жақта бар. Сағатына төлейді. Мұрын қанайтын жұмыс емес ол жақта. Айына 4-5 мың $ табуға əбден болады. Біріншіден, тіл үйренеді, екіншіден, ел көреді» деп жазды автор. Бұл жазба желідегілердің пікірін екіге бөлді. Бірі дұрыс ұсыныс, тек базалық тіл мен ол елдің заңынан хабардар болу керек деп автормен келіссе, тіпті араларында баспасөз хатшысына «Бірге кетейік те» деп ұсыныс та тастады. Ал Ордабасы ауданының бұрынғы әкімі Алмасбек Мамытбеков бұл кеңеске күмәнмен қарады.

«Пәлен жерде түген бар, барсам бақырда жоқ дегендей болмай ма? Содан кейін АҚШ-тағы 4-5 доллар ол жақта тұратын пәтер ақысы, тамағы, барлығын есптегенде қалатыны біздегі 80-90 т болмай ма?» деген пікір қалдырды экс-әкім.

Мария Қалыбаева есімді қолданушы болса, жұмыс істейтін адам өз елінде аш болмайды деген пікірде. Көзін тапса, Қазақстанда да екі қолға бір күрек табылады. Алайда жазба авторы «сол көзі болмай тұр» деп пікір қалдырушыға өз ойын кесіп айтты.

Айта кетерлігі, баспасөз хатшы Дәурен Дүйсебай облыстық телеарналардың біріне басшылық етеді.
Фото: Дәурен Болыстың желі парақшасынан алынды