ОҚО -да көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық «сөз зергері» байқауы өтті

0
2 148

Байқауға аудан, қалалардан іріктеуден өткен 14 үміткер қатысты. Сайыстың ережесіне сәйкес олар А.Сүлейменовтің көркемдігі жоғары прозалық шығармасынан үзінді оқып, түрлі авторлардың немесе өз шығармашылығынан «Аңыз - ғұмыр, Асқар – жыр» тақырыбына арнау-өлеңдерін оқыды.


ОҚО -да көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық «сөз зергері» байқауы өтті

Созақта жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына орай көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық «Сөз зергері» байқауы ұйымдастырылды,- деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Байқауға аудан, қалалардан іріктеуден өткен 14 үміткер қатысты. Сайыстың ережесіне сәйкес олар А.Сүлейменовтің көркемдігі жоғары прозалық шығармасынан үзінді оқып, түрлі авторлардың немесе өз шығармашылығынан «Аңыз - ғұмыр, Асқар – жыр» тақырыбына арнау-өлеңдерін оқыды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Созақ ауданының үміткері АсхатАйдүйсенов лайық деп танылып, 150 мың теңге ақшалай жүлде табысталса, бірінші орын мақтаралдық Айда Әбдиге бұйырып 120 мың теңге тапсырылды. 100 мың теңгелік жүлделі екінші орын Бәйдібек ауданынан Сәулебек Мәдидің еншісіне берілсе, үшінші орын және 50 мың теңге жүлде қорын Арыс қаласынан Тәукебаева Ақшолпан мен созақтық Нысанбек Күләш иемденді. Ал, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесімен Отырар ауданының қатысушысы
Асан Өркен марапатталды.
Өзге де үміткерлерге арнайы дипломдар мен 30 мың теңге ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.

Байқаудың қазылар алқасына ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Қ.Кемелұлы атындағы шығармашылық бірлестіктің төрағасы, Созақ ауданының Құрметті азаматы Асқаров Мыңжасар Асқарұлы төрағалық етсе,
ҚР Құрметті журналисі Есенбек Кенжеғараев Рысбалаұлы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ақын, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлімше басшысы Гүлнар Өмірбек,
Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының редакторы, Халықаралық "Баспасөз сыйлығының" иегері Айтпенбетова Мадина Жұмабайқызы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі,ақын
аудандық «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы Қарғабай Мақсат Жеңісұлы қазылық жасады.
А.Сүлейменовтің“Бесін", “Адасқақ”, “Бесатар” сынды бірқатар прозалық шығармаларымен бірге “Кек” драмалық жинақтары мен өзге де сыни-эстетикалық, өнертанушылық, көп томдық шығармаларымен әдебиет пен мәдениет қоржынына асыл із қалдырған даңқты дарынның аудармалары арқылы оқырмандар Т.Карлейль, Мольер, Э.Хемингуэй, М.Булгаков, Б.Брехт, Т.Уильямс шығармаларымен таныса алғаны белгілі. Ол ұлттың тарихи тамырлары мен өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалуға шақыратын, құпиясы мол, ойы ұшқыр, танымы терең шығармашылығымен замандастарына үлкен әсер қалдырып, жастардың да санасын серпілтер туындыларын тарихқа ту еткен.


Байқаудың мақсаты- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттай отырып, қазақстандық рухани бірлікті нығайту, тіл мәдениетін көтеру, көпшіліктің ұлт әдебиетіне деген ықыласын арттыру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру және А.Сүлейменовтің шығармашылық мұрасын насихаттап талантты жастарды таныту болып табылады.

Биыл Созақ ауданының 90 жылдық тойы кең көлемде аталып келеді. Аталған мерекеге орай алдағы уақытта 2 республикалық, 4 облыстық және дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан байқаулар, іс-шаралар мен Т.Әлімқұлов пен Т.Момбековтің 100 жылдығына, Б.Батырбекованың 90 жылдығына, А.Сүлейменовтің 80 жылдығына орай республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілмек.