​ОҚО: Қазығұрттықтар ұмра-қажылыққа бару үшін "гәп" ойнайды

0
3 442

Қызықшылық үшін бас қосатын жиынды жақсы амалға бағыттаған осынау игілікті істің ұйымдастырушысымен сұxбаттасып мән-жайға қаныққан болатынбыз.


​ОҚО: Қазығұрттықтар ұмра-қажылыққа бару үшін

ERNUR.KZ. ОҚО, Қазығұрт ауданы, Қазығұрт елді мекенінің бір топ жамағаты ай сайын жиналып "гәп" ойнап, ортадан жиналған ақшаға араларындағы бір азаматты ұмра-қажылыққа Мекке қаласына жібереді, деп xабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қызықшылық үшін бас қосатын жиынды жақсы амалға бағыттаған осынау игілікті істің ұйымдастырушысымен сұxбаттасып мән-жайға қаныққан болатынбыз.

Өзінің аты-жөнін атамауды, құпия қалуды жөн көрген азамат ұмра-қажылыққа бару үшән "гәп" ұйымдастыру ойын көпшіліктің ортасына тастаған өзі екен.

-Бұл іс-шараны біз наурыз айынан бастадық. Ойымда жүрген амалды гәп ойнап жүрген жамағаттың ортасына тастағанымда бірден қолдау тапты. Ниет еткен, қажылыққа баруды мақсат тұтып жүрген жандардан 21 отбасы жиналып, ай сайын дастарxан басында жиналамыз. 15 мың теңгеден шығарып, ортаға тастаймыз. Жиналған ақшаға ортамыздан ниет еткен бір адамға беріп, оны ұмра-қажылыққа жібереміз.

Бүгінге дейін 4 адам Меккеге барып келді. Бір азаматымыз жақында жолға шықты, - деді ол.

«Қазір имандылыққа бет бұрғандар көбеюде. Бес парызды орындап, қажылыққа барғысы келеді. Бірақ оның қаржысы көп отбасыға ауырлық етеді. Содан соң оны көпшілікке шашып, кезегімен жіберіп отырсақ дедік», - деген ол қажылыққа барып келген жанның үйінде жиналатындарын да айтып өтті.

Ұмра-қажылыққа барып келген жан дастарxан жайып өзгелерді шақырып, Меккеден әкелген зәм-зәм суынан ауыз тигізеді. Барғанын, көргені мен түйгенін айтады. Қандай амалдар жасағанын айтып, жамағатпен бөліседі.

Аталған шараға қатысатын азаматтардың алдының жасы 65-те болса, ең кішісі 29-да екен.

Айта кетейік, «гәп» - оңтүстік өңірде белгілі бір топтың (сыныптастар, құрдастар, ұжымдастар немесе ағайы-туыстардан тұратын) жиналып бас қосып, көңілді өткізетін отырысы. Аталған азамат айтып өткендей, бүгінде мұндай "гәптердің" көпшілігі ішкілікпен өтіп немесе құмар ойынға ұласып кетеді.