ОҚМПУ-да IT сыныптар ашылды​

0
3 474

оқу ақысыз, тегін жүргізіледі


ОҚМПУ-да IT сыныптар ашылды​

ERNUR.KZ. Бүгін ОҚМПУ-нің ішінен IT технологиясымен оқытатын сыныптар ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. тілшісі.

Енді бұл сыныптар мектеп жасындағы балаларға робототехника және оның бағдарламасын әзірлеу әдісін тәжірибе жүзінде үйретеді. Әзірге 6 дана болып ашылған сыныптарда балалар аптасына 3 мәрте 1 сағаттан оқиды екен. Бүгінгі таңда бір сыныпта 15 бала оқып жатыр. Келетін балалардың саны ұлғайса, сыныптар да көбейеді.

Нұрлан Сағымбекұлы Қаратаев, ОҚМПУ информатика кафедрасының магистр-оқытушысы:

- Қазіргі кезде цифрлы Қазақстан бағдарламасы бойынша балаларды робототехника пәніне оқыту бүгіннен басталды. Компьютер арқылы бағдарламалар түзу тәсілі де осы салаға кіреді. Мұнда балалар өздерінің шығармашылық қабілетін дамыта отырып, бағдарламаларды жазып үйренеді. Олар құр затты жасаса, ол ойыншық күйінде ғана қалуы мүмкін, ал оны қозғалысқа келтіру үшін бағдарламасын жазу қажет. Таратып айтқанда алдымен механикасын, сосын электроникасын іске қосамыз, қозғалту үшін бағдармасын әзірлейміз. Қазір ең жас оқушымыз 6 жаста, жалпы жоғарғы сыныптағы оқушыларға дейін мұнда оқи алады, деді.

Тағы бір айта кетерлігі, оқу ақысыз, тегін жүргізіледі екен. Мектептерде роботехника пәнінің бар екендігі белгілі. Бұл кезеңде мектептер жазғы демалысқа шыққандықтан, осы тәсіл бойынша оқыту университет қабырғасында жалғасын тауыпты. Оның үстіне аталмыш университеттің базалық қоры осыған толық сәйкес келетін көрінеді. Сонымен қатар бұл сыныптарда олимпиададан орын алған оқушылардың ойға алған жұмыстарын одан әрі жалғастыруына мүмкіндік бар. Балаларды IT сыныптарда оқыту күзге дейін жалғасын табады.