​Он ұл тапқан түркістандық ананы «ханым» десе болады

0
1 707

Өмірде он ұл-қызды дүниеге әкелген аналарды бұрынырақта көбірек кездестіретінбіз. Ал құрсағынан кілең ұл өрбіген аналар кемде-кем шығар.


​Он ұл тапқан түркістандық ананы «ханым» десе болады

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында он ұлға жарық дүние сыйлаған ана бар. Алтын құрсақты анамен ERNUR.KZ тілшісі аз-кем сұхбаттасып қайтқан болатын.

Бүгінде Алғабас ауыл округінің орталығы Шақпақ ауылында ғұмыр кешіп жатқан Жұпаркүл Керімбекованың туған жері сырлы Созақ өңіріндегі Бабата ауылы. Құдай қосқан қосағы шақпақтық Шадыхан Сүлейменов екеуінің шаңырағынан өрбіген он ұлдың қазір 9-ы бір-бір шаңырақтың иесі.

Бір өкініштісі отағасы Шадыхан 2015 жылы, ең кенже ұлы Еркебұлан осыдан бір-екі жыл бұрын 27 жасында өмірден озғаны жүрегін шерге толтырса да, шүкіршілігінен танбаған ананың Аллаға өкпесі жоқ. Барға қанағат дейді. Қазір тоғыз ұлдың қосақтары, тоғыз келіні әулеттің дәулетін асырып, Жұпаркүл ананың ақ батасымен ұрпақ өсіруде.
Қимылы ширақ, жүзінен нұры төгілген Жұпаркүл ананы он бала тапқан дегенге сену қиын. Ардақты анамыз енді екі-үш бел асса, жетпісті де алқымдайды.
Сөз арасында өмірге бірінен кейін бірі ат байлар әкеліп жатқанда көңіл түкпірінде «шіркін-ай, қыз болса» деген арман қылаң бермеді ме дейміз Жұпаркүл анамызға.

«Жоқ. Ондай ой болмапты. Әр ұл іңгәлап өмірге келгенде тәубе деуден танған жоқпыз отағасы екеуміз. Қазір келіндерім моншақтай-моншақтай қыздарды дүниеге әкеліп жатыр ғой», - дейді ағынан жарылған ол кісі.

Ұлдың тұңғышы Мұхамеджан - театр суретшісі, Самат пен Марат - теміржолшы, Болат - қара шаңырақта, ауылда мұғалім, Қанат - электрик, Бағдат - телеоператор, Әділхан – құрылысшы, еурожөндеумен айналысады, Қалыбек - теміржолшы, Ержүрек - тіс дәрігері.

Міне, бір ұядан ұшқан ұлдар бір-бір саланың білікті мамандары, халыққа кәсіби тұрғыда қызмет көрсетуде. Перзенттерінің ауданда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ғұмыр кешіп, өмірден өз орындарын тапқаны ана үшін зор бақыт әрине.
Қазір 30 немере, 1 шөбере сүйіп отырған Жұпаркүл ананың шаңырағында бауырмалдық, бірлік пен береке салтанат құрып, көпке үлгі болуда. Қазақта «алты ұл тапқан ананы ханым десе болады» деген қанатты сөз бар. Біз он ұл тауып, өсіріп-бағып қаққан Жұпаркүл ананы «жаным» десек те, «ханым» десек те жарасады.