"Оңтүстік Қазақстан" газетінің жүлдесі Отырар ауданының еншісінде

0
3 268

Аталған газеттің бас редакторы Абай Балажан ұйымдастырған байқау жас жыршыларға жырды толық жаттатуымен ерекшеленеді. Естеріңізге салар болсақ, бірінші байқау "Қамбар батыр" дастанына арналған еді.


Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Жақсылар, дастан айтайын...» атты ІІ аймақтық жас жыршылар байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістанның төрінде өткен байқауға аудандар мен қалаларда өткен іріктеу кезеңінде бірінші, екінші орындарға ие болған 33 оқушы қатысты. Жүзден жүйрік шыққан Отырар ауданындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Олжас Бакира (200 мың теңге) бас жүлдені жеңіп алса, ұстазы Айнұр Әлшері автокөлік иеленді.

«Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының ұжымы былтыр республикада тұңғыш рет мектеп оқушылары арасында «Жақсылар, дастан айтайын...» атты батырлар жырын жатқа айтудан байқау ұйымдастырған болатын. Тұңғыш рет дейтініміз, бұған дейін балалар батырлар жырына қатысты байқауларда жырлардан үзінді жаттаумен ғана шектелген. Ал, газеттің бас редакторы Абай Балажан ұйымдастырған байқау жас жыршыларға жырды толық жаттатуымен ерекшеленеді. Бірінші байқау "Қамбар батыр" дастанына арналған еді.

Балаларды халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерді сезіндіру мақсатында өткен байқауға қатысушылар биыл «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан сайысты. Аталған сайыста кіл мықтылардың арасынан өзінің білімділігімен, мәнерлеп оқу шеберлігімен көзге түскен жерлесіміз, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Олжас Бәкира бас жүлдені қанжығасына байлады. Сайыс соңында газеттің бас редакторы Абай Балажан жеңімпаз Олжасқа 200 мың теңгенің сертификатын тапсырса, оның ұстазы Əлішері Айнұрға автокөліктің кілтін ұстатты.