ОҚО-да алғаш рет «Туған жерге тағзым!» мектеп бітірушілердің шарасы өтті

0
1 592

Шара барысында аймақ басшысы мектепті үздік бітірген және республикалық олимпиадалар мен байқауларда өңіріміздің намысын абыроймен қорғаған үздік 10 оқушыны марапаттап, бағалы сыйлықтар тарту етті.


ОҚО-да алғаш рет «Туған жерге тағзым!» мектеп бітірушілердің шарасы өтті

фото: © СаматМырзалиев

ERNUR.KZ. Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»бағдарламалық мақаласы аясында алғаш рет «Туған жерге тағзым!» атты мектеп бітірушілердің салтанатты жиыны өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған шара үш жүздің басын қосқан Ордабасыда Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Президенттерінің бас қосқандарына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Ордабасы ауданы «Бірлік» монументі «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, «Нұр Отан» ОҚОФ бірінші орынбасары Н.Жолдасов, өңірдегі ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, 12 Жоғарғы оқу орнының басшылары, білім саласының ардагерлері мен ата-аналар және мектеп бітіруші түлектер жалпы саны 1 мыңнан астам адам қатысты.

фото: © СаматМырзалиев

Ұрпақтар сабақтастығына жалғау болу мақсатында киелі мекенде өткізіліп отырған жиында сөз алған аймақ басшысы мектеп бітіруші түлектерге үлкен өмір жолына бастар қадамдарының сәтті болуын тіледі.

«Бүгінгі салтанатты шараның Ордабасы тауында өткізілуі кездейсоқтық емес. Ордабасы тауы - қазақтың елдігін танытар тұста орда болған, Тәуелсіздіктің туын желбіретер тұста киелі тұғырға айналған атамекен! Ордабасы тауы - қазақ елінің бірлігін насихаттайтын, еліміздің рухын көтеретін және 1726 жылы қазақ халқының жоңғарлар шапқыншылығы кезінде халықты жұмылдыру мақсатында үш жүздің басын қосып, елді қорғауға жұмылдырылған тарихи орын. Елбасының «Ордабасыға оралу – қазақстандық патриотизмнің жарқын үлгісі» деп атап кеткеніндей, Сіздерді еліміздің нағыз патриоттары болады деген сеніммен, ұрпақтар сабақтастығына жалғау болсын деген ниетпен осы киелі мекенге шақырдық»,-деді Ж.Түймебаев.

Шара барысында аймақ басшысы мектепті үздік бітірген және республикалық олимпиадалар мен байқауларда өңіріміздің намысын абыроймен қорғаған үздік 10 оқушыны марапаттап, бағалы сыйлықтар тарту етті.

фото: © СаматМырзалиев


Бұдан бөлек, қатысушы 500 үздік оқитын мектеп бітіруші түлектерге естелік сыйлықтар үлестірілсе, олар өз тараптарынан балабақша бүлдіршіндеріне «Білім Әліпбиін» тапсырды.

Жас ұрпақтың туған елге деген патриоттық сезімін арттырып, рухани сананы жаңғыртуға бағытталған мектеп бітірушілерінің салтанатты шарасы концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, ардагерлердің ақ батасымен қорытындыланды.


Айта кетейік, «Бірлік» монументі «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы 1993 жылдың 26 мамырында арнайы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаулысымен ашылған. Биыл аталған қорықтың құрылғанына 25 жыл толып отыр.

Жалпы биылғы оқу жылында өңіріміздегі 1038 мектепте 634 мыңға жуық оқушы білім алды. Оның ішінде, 33766 оқушы мектепті биыл бітіреді. Бұл республикада бітіруші 147 мыңнан аса оқушының әрбір бесіншісі Оңтүстік өңірінің түлегі болып отыр.Бітірушілердің ішінде 1692түлек «Алтын белгі» медаліне, ал 1029 оқушы«Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр. Сондай-ақ, облыста ұлттық бірыңғай тестілеуге 22606 бала өтініш білдірген.