ОҚО-да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қызмет жақсара түсуде

0
1 209


ОҚО-да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қызмет жақсара түсуде

ERNUR.KZ. 2017 жылдың қорытындысымен 50 мыңнан астам адамға мүгедектікті белгілеу жөніндегі мемлекеттік қызметтер көрсетілген. 2016 жылы бұл көрсеткіш 47 мыңға жуық болған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді,деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Департамент басшысының сөзінше, мүгедектер санының артуына негізінен 3 түрлі себеп бар.

«Мүгедек жандардың қатарын көбейтіп жатқан ең бірінші себеп қан айналымы жүйесінің аурулары болып отыр. Жарымжандардың 20,8 пайызы жоғарыда аталған кеселмен ауыратындар. Түрлі деңгейде жарақат алып мүгедектікке шалынған азаматтар 13,8 пайызбен екінші орында тұр. Үштікті 13,3 пайызбен психикалық және мінез-құлқының бұзылуы түйіндеді. Қазіргі таңда мұндай азаматтардың барлығы қадағауға алынып, тиісті деңгейде әлеуметтік көмектер көрсетілуде», – деді Әсия Темірбаева.

Жалпы 2017 жылдың және 2018 жылғы бірінші тоқсаны қорытындысымен департамент халыққа әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша 12 мемлекеттік қызмет түрінен 270 мыңнан астам қызметтерді көрсеткен.

Сондай-ақ, мекеме басшысы өңіріміздегі мүгедектердің 19194-і немесе 15,8 пайызын балалар құраса, қалғаны 18 жастан жоғары ересектер екенін жеткізді. Мамандардың арнайы теусеру жұмыстары кезінде облыстағы түрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелердің сол мүмкіндігі шеутеулі азаматтарға қатысты талаптарды сақтамағанын анықтаған. Оның басым бөлігі пандустардың жоқтығына немесе талапқа сай орнатылмағанына қатысты. Өңірімізде 4 мыңнан астам түрлі саладағы мекеме болатын болса, соның 80 пайызы жоғарыда аталған талапқа сай келмейтіндігі белгілі болған. Олардың барлығына заң аясында тиісті шаралар көрілген.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында 120 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Бұл өңірдегі халық санының 4,2 пайызын, ал республика бойынша жалпы мүгедектер санының 18,4 пайызын құрайды.