ОҚО-да рухани жаңғыру аясында кешенді көрме өтті

0
2 394

Көрмені ұйымдастырудың басты мақсаты құнды жәдігерлерден жасақталған көрме арқылы Оңтүстіктің тарихи шежіресі мен қолөнершілер, фотосуретшілер, мүсіншілер, суретшілердің қылқаламынан туындаған өнер шығармалары, әдеби шығармаларды насихаттау.


ОҚО-да рухани жаңғыру аясында кешенді көрме өтті

Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының 1 жылдығына арналған кешенді көрме өтті,-деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірде жүзеге асырылған жұмыстарының қорытынды көрмесін ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ көшпелі Пленарлық отырысына арнайы келген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Д.Кәлетаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев пен Пленарлық отырысқа қатысушы еліміздің көшбасшы жастары тамашалады.

Көрмені ұйымдастырудың басты мақсаты құнды жәдігерлерден жасақталған көрме арқылы Оңтүстіктің тарихи шежіресі мен қолөнершілер, фотосуретшілер, мүсіншілер, суретшілердің қылқаламынан туындаған өнер шығармалары, әдеби шығармаларды насихаттау.

Кешенді көрмеде келушілер назарына облыстан қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енгізілген тарихи-мәдени нысандардың, мәдени іс-шаралардың, түсірілген көркем, анимациялық, деректі фильмдердің көрмесі мен белгілі қылқалам шеберлерінің шығармалары, қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары, мүсіншілердің мүсіндері, облыстың көркем жерлері бейнеленген фотосуреттер, сондай-ақ, ақын-жазушылардың кітап көрмесі, ұлттық киімдердің көрмесі, Қазақстандағы 100 жаңа есім жобасына енген азаматтар туралы көрме ұсынылып отыр. Көрме 9 бөліктен тұрады.

Бұдан бөлек, тарихи-мәдени мұраларды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беретін «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая мен «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық және «Ұлы Жібек Жолындағы ескерткіштер» атты деректі фильмдер түсіріліп, қоғам назарына ұсынылды.

Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ордабасы тауы» қорық мұражайына ел бірлігін дәріптеген қазақ халқының Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріне монумент орнату және «Үш би» көпсериалды фильмі мен «Ордабасы – бірліктің туы», «Көне Түркістан», «Шымкент тарихы», «Оқсыз оқиғасы» атты анимациялық фильмдер түсіру жоспарлануда.