ОҚО-да заңсыз жолаушылар тасымалына қарсы рейдтік шаралар басталды

1
1 577

Рейдтік шара нәтижесінде заңсыз такси тасымалдауымен айналысқан 20 көліктің иесі аудан әкімдігіне такси тасымалымен айналысу үшін арнайы хабарлама беріп, өз қызметтерін заңдастырды.


ОҚО-да заңсыз жолаушылар тасымалына қарсы рейдтік шаралар басталды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірдегі заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою мақсатында бекітілген жұмысшы топ Созақ ауданында рейдтік шара өткізді. Жұмысшы топтың негізгі мақсаты - такси тұрақтарын реттеп, олардың жұмысын оңтайландыру және заңсыз тасымалға тосқауыл қою.

Арнайы шараға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен ОҚО мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары, сондай-ақ облыстық көліктік бақылау инспекциясының, аудандық кірістер басқармасының, жер қатынастары бөлімінің мамандары және облыстық жергілікті полиция қызметі тарапынан арнайы 4 экипаж қатысты.

Жұмыс барысында Созақ ауданының орталығы Шолаққорған елді мекенінде заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын екі орын анықталды. Рейдтік шара нәтижесінде заңсыз такси тасымалдауымен айналысқан 20 көліктің иесі аудан әкімдігіне такси тасымалымен айналысу үшін арнайы хабарлама беріп, өз қызметтерін заңдастырды.

Бекітілген жұмысшы топ тарапынан жергілікті әкімдікке жеңіл такси көліктеріне арнайы тұрақ ұйымдастырып, заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік иелерінің хабарламаларын тіркеп, қысқа мерзім ішінде барлық такси көліктерінің жұмысын заңдастыру тапсырмасы берілді.

Сонымен қатар, облыстық жергілікті полиция қызметі тарапынан рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысқан шағын автобус және жеңіл такси көліктеріне ҚР ӘҚБК-не сәйкес 28 әкімшілік хаттама түзіліп, 336 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Алдағы уақытта бекітілген кестеге сәйкес, аудан, қала әкімдіктерінде заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою мақсатындағы жұмыстар тұрақты жүргізілетін болады.

дерекөз: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі