ОҚО: Мақтарал ауданының индустриалды аймағында 6 жоба іске қосылады

0
1 279

Облыс бойынша мақта шикізатының 80 пайызы Мақтарал ауданына тиесілі болғанымен, өңірде шикізатты әрі қарай дайын өнімге айналдыратын кәсіпорындар тапшы.


ОҚО: Мақтарал ауданының индустриалды аймағында 6 жоба іске қосылады

ERNUR.KZ. Ағымдағы жылы Мақтарал ауданының индустриалды аймағында 6 жоба іске асырылып, 380 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылатын болады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аудан басшысының айтуынша, биыл аудандағы өнеркәсіп өнімін 13666,4 миллион теңгеге жеткізу межеленіп отыр. Ол үшін "Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы" шеңберінде инвестиция тарта отырып, жалпы құны 3537 миллион теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, биыл ауданда асфальт-бетон зауыты, полиэтилен өнімдерінің және медициналық мақта өнімдерінің өндірісі, сондай-ақ темірді қайта өңдеу өндірісі мен логистикалық орталық және күн электр стансасының жобалары іске асатын болады.

«Қазіргі таңда ауданның индустриалды аймағынан жер бөлініп, құрылысы басталған "Soldatos" ЖШС-ның асфальт-бетон зауытын салуға 300 млн. теңге жұмсалмақ. Жоба бойынша 30 адам жұмыспен қамтылып, сағатына 300 тонна асфальт-бетон өнімдері өндірілетін болады. Сондай-ақ, "Раджапов" жеке кәсіпкерлігінің "Полиэтилен өнімдерінің өндірісі" жобасының құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында басталады деп күтілуде. Жобаның құрылысына 200 миллион теңге жұмсалып,жаңадан 36 жұмыс орны ашылады», - деді Жамантай Қанайұлы.

Облыс бойынша мақта шикізатының 80 пайызы Мақтарал ауданына тиесілі болғанымен, өңірде шикізатты әрі қарай дайын өнімге айналдыратын кәсіпорындар тапшы. Осы мақсатты "Айбек" шаруа қожалығы медициналық мақта өнімдерінің өндірісі жобасын қолға алған. Индустриалды аймақтан жер бөлініп, құрылысы басталған жобаға 85 миллион теңге қаржы жұмсалмақ. Кәсіпорын 28 адамды жұмыспен қамтып, жылына 2 миллион дана медициналық мақта өнімдерін өндіретін болады.

Ағымдағы жылы іске қосылатын 6 инвестициялық жобаның және басқада жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың есебінен жыл аяғына дейін аудандағы өнеркәсіп өнім көлемі 13,7 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған.