ОҚО: Мақтаралдық диқандар көктемгі дала жұмыстарын аяқтады

0
1 499

Ақ алтынның отаны саналатын өңірде биыл шаруалар 86 820 гектарға мақта дәнін септі.


ОҚО: Мақтаралдық диқандар көктемгі дала жұмыстарын аяқтады

ERNUR.KZ. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында көктемгі дала жұмыстары аяқталды. Ақ алтынның отаны саналатын өңірде биыл шаруалар 86 820 гектарға мақта дәнін септі. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сондай-ақ, мырзашөлдік диқандар 9169 гектарға дәндік және дәнді-бұршақты, 201 гектарға майлы дақылдар еккен.3 692 гектарға мал азықтық және 31 мың гектардан астам жерге көкөніс-бақша дақылдарын септі.

«Биыл Мақтарал ауданындағы көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен 8 300 тоннадан астам жанар жағармай бөлінсе, бүгінде оның басым бөлігі шаруаларға үлестіріліп берілген. Сондай-ақ, шаруалар биыл тұқымдық шит тапшылығын сезінбеді. Арнайы жұмыс тобы көктемгі дала жұмыстарына қажетті 3 200 тонна шитті артығымен дайындап беріп, соның 2 700 тоннасы көтемгі егіске жұмсалды», - деді Жамантай Қанайұлы.

Айта кетерлігі, өткен жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 81902,4 миллион теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға артқан.Оның ішінде егін шаруашылығы бойынша 60321,7 миллион теңгенің, мал шаруашылығы бойынша 21138,1 миллион теңгенінің өнімдері өндірілген. Сондай-ақ, былтыр "Даму бағдарламасының" жоспарына сәйкес, 100,3 гектар жерге тамшылатып суғару әдісі ендіріліп, 6,67 гектар аумаққа жылыжай салынды.

Сонымен қатар, биыл Мақтарал ауданында ауыл шаруашылығы өнім көлемін 104035,4 миллион теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде егін шаруашылығының өнімін 80585 миллион теңгеге, мал шаруашылығы өнімін 23450,4 миллион теңгеге жеткізу көзделген.