Орамалын шешуден бас тартқан оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынды

0
1 714

Фердаусиде орамалын шешуден бас тартқан 7 оқушы қыз мектептен шықты.


Орамалын шешуден бас тартқан оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынды

ERNUR.KZ. Түркістан облысының Мақтарал ауданында Фердауси атындағы мектепте орамалын шешуден бас тартқан жеті оқушы қыздың ата-анасы мектептен қыздарының құжаттарын алып кетті, деп жазады Азаттық.

Мектеп директоры Жанар Мамырованың айтуынша, мектептегі жоғарғы сыныптарда оқитын 203 оқушы қыздың 10-ы орамалын шешуден бас тартып отыр. Жаңа оқу жылы басталғалы орамалын шешуге келіспеген жеті қыздың ата-анасы мектептен қыздарының құжаттарын алып, басқа оқу орнына орналастырған.

- Орамалын шешуге келіспей сабаққа келмеген 10 оқушының екеуі ауырып жатқаны белгілі болды. Біреуі басқа мектепке ауысуына байланысты құжаттарын рәсімдеп отыр. Төртеуінің ата-анасына Түркістан облыстық білім саласындағы бақылау департаменті айыппұл салған. Қалған үш оқушы және олардың ата-анасымен жұмыс жүргізіліп жатыр, - дейді мектеп директоры.

Түркістан облыстық білім басқармасы "Фердауси мектебіндегі жағдай бірқалыпқа түскенін" және әлі де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қыздарының мектепке орамалын шешіп баруына қарсылық білдіргені үшін Мақтарал аудандық ішкі істер бөлімінен шақырту алған сегіз ата-анаға байланысты Азаттық сұрағына облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі ресми сауал жолдауды сұрады.

Қыркүйектің 6-сы күні Фердауси ауылында мектепке орамалын шешіп барудан бас тартқан 13 оқушы қыздың ата-анасына бес айлық есептік көрсеткішке (бір айлық есептік көрсеткіш - 2405 теңге) тең айыппұл салынған.