Ордабасы ауданында мақта талшықтары шетелге экспортталуда

0
1 943

Биыл Ордабасы ауданында мақта алқабы былтырғыға қарағанда ұлғайған. 7 мың гектардан аса алқапқа ақ алтын дәнін сепкен дихандар қазірдің өзінде 17 мың тонна өнім жинапты.


Ордабасы ауданында мақта талшықтары шетелге экспортталуда

Ордабасы мақтасы шет елдерге экспортталуда. Ауданда жиналған Ақ алтын өнімдері Чехия, Белоруссия мен Молдова елдеріне жөнелтіліп жатыр. Қазір кәсіпкерлер өзге мемлекеттерден де тапсырыс қабылдауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ ақпараттық порталы shymkenttv.kz сайтына сілтеме жасап.

Өңір тілшілері ауданға жасаған іс- сапарында мақта терім науқанының барысымен танысып қайтты.

Қазір мақта терім науқаны қызған шақ. Ордабасылық дихандар да күн-түн демей ақ алтынды төкпей-шашпай шығынсыз жинап алудың қамына кіріскен. Жергілікті шаруалардың еккен өнімдеріне шетелдіктер қызығушылық танытуда. Осыдан екі жыл бұрын ашылған бұл мақта өңдеу зауытынан шыққан мақта талшықтары шет елдерге жөнелтіледі.

Батырбек Мырзахан, мақта зауыты директорының орынбасары:

- Біз чехтармен келісім шартқа отырғанбыз. Молдавадан кәсіпкерлер келіп жатыр. Біз келісімшартқа қарай жұмыс істейміз.

Биыл Ордабасы ауданында мақта алқабы былтырғыға қарағанда ұлғайған. 7 мың гектардан аса алқапқа ақ алтын дәнін сепкен дихандар қазірдің өзінде 17 мың тонна өнім жинапты. Мақта терім науқанына 83 комбайн жұмылдырылған. Дегенмен мақта түсімі былтырғыдай емес. Өткен жылы әр гектардан орташа есеппен 26 центнерден өнім жинаған ордабасылық дихандар биыл әр гектардан 23 центнер мақта алып отыр. Бірақ мақта бағасы көңілден шығады, - дейді жергілікті шенеуніктер.

Нұрлан Әбілқасымов, Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- Былтыр мақта бағасы 120-130 теңгеден болған қазір 180 теңгеге көтерілді. Кей мақта қабылдау бекеттері 182 теңгеден де қабылдап жатыр.

Қазір аудандағы 4 мақта қабылдау бекетінде жұмыс қызу. Шаруалар енді екінші терімге кіріспек. Өткен жылы ордабасылық шаруалар 18 мың тоннадан астам ақ алтын жинаған.Биылғы өнім көлемі былтырғыдан аз болмайды деп отыр.