Ө.Шөкеев: Мақтаарал ауданындағы үйлердің құрылысы 1 тамызда толық аяқталуы қажет

0
738

Мақтаарал ауданында 5 елді мекенде орналасқан 866 тұрғын үй зардап шекті.


Ө.Шөкеев: Мақтаарал ауданындағы үйлердің құрылысы 1 тамызда толық  аяқталуы қажет

Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдың салдарын жою мәселелері облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өткізген лездемелік жиында талқыланды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінде аймақ басшысының нақты тапсырмасын басшылыққа ала отырып, тиісті мекемелер жұмыс қарқынын күшейткен. Енді үйлердің құрылысы өз мерзімінде, яғни, 1 тамызда толық аяқталуы қажет.

«Өндірістік кестеге сай бақылау жұмыстарын күшейтіп, мердігерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау керек. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың құрылысына да назардан тыс қалмауы қажет. Аталған жұмыстардың өз мерзімінде аяқталуына тікелей жауапты екендіктеріңізді ескертемін», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Атап өтсек, Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан орын алған төтенше жағдайға байланысты Мақтаарал ауданында 5 елді мекенде орналасқан 866 тұрғын үй зардап шекті. Жеңіс ауылында 270 үй, Жаңатұрмыста 52 үй, Достық ауылында 21, Өргебаста 207 үй, Фирдаусиде 316 үй. Қазір Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекен тұрғындарының келісімі бойынша, Мырзакент кентінде 386 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 196 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен, қалған 190 тұрғын үй («Б.Утемуратов», «Салиқалы ұрпақ», «Біз Біргеміз») қорынан салынуда. Құрылыс алаңында 1550 жұмысшы мен 150 арнайы техника құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмылдырылған. 200-дей үйде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Сонымен қатар, төтенше жағдай нәтижесінде, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы екі негізі бағыт бойынша жұмыс жүргізіп келеді және жаңа тұрғын үй құрылысында толық инженерлік инфрақұрылым салынып жатыр. Одан бөлек, Фирдауси және Өргебас елді мекеніндегі сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.