Рашид Аюпов: "Қожа Ахмет Ясауи кесенесі әлі 1000 жыл тұрады"

0
1 462

Әкім тиісті сала мамандарымен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.


Рашид Аюпов:

Түркістан қаласының әкімі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің айналасында атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, келешекте туристерді тарту бағытында өзінің жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Рашид Аюпов тиісті сала мамандарымен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Кесене аумағындағы тарихи-мәдени нысандарды көріп, кесенені қайта қалпына келтірумен айналысатын республикалық «ҚазҚайтаЖағырту» мемлекеттік мекемесінің өкілдерімен тілдесті.
2003 жылы «ЮНЕСКО-ның» Дүниежүзілік «Мәдени мұра» тізіміне енген жауһардың Орта Азиядағы ең үлкен қазандық бөлмесінің күмбезіне шығып, жүргізіліп жатқан реставрациялық жұмыстарды көрді. Мамандар кесененің бұрынғыдай ылғалданбайтынын, «ЮНЕСКО» өкілдерінің шешіміне сәйкес, кірпіштері нық тұрғанын және әлі де көптеген жылдар осы қалпын сақтайтынын жеткізді.
«Бірнеше белсенді тұрғын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтіру жұмыс барысына күмән туындап жүргенін айтқан болатын. Күні кеше барып жеке өзім танысып қайттым. Расында да, бастапқы ауа айналымы жүйесі уақытша тоқтатылған екен, бірақ, ол уақытша. Ішкі жөндеу жұмыстарына байланысты. Ішкі қалпына келтіру жұмысы біткен кезде қайта өзінің алғашқы ауа айналымы жұмысы іске қосылатын болады», деп жазды Рашид Аюпов өзінің фейсбук парақшасына.
Су зақымы немесе басқа да зияндардың жоғын айтқан көне шаһар әкімі ата-бабадан қалған тарихи аманаттың әлі 1000 жыл тұратынына сенім білдірді.