"САМҒАУ – 2018": Түркістан облысының жас режиссерларының үздігі анықталды

0
2 472

Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығында Астана қаласының 20-жылдығына орай жас режиссерлар арасында дәстүрлі облыстық "Самғау – 2018" қысқаметражды бейнефильмдер кинофестивалі өтті.


ERNUR.KZ. Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығында Астана қаласының 20-жылдығына орай жас режиссерлар арасында дәстүрлі облыстық "Самғау – 2018" қысқаметражды бейнефильмдер кинофестивалі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Байқауға аудан, қалалардағы байқау бағдарламаларының талаптарына сәйкес кино-видео саласында тәжірибесі бар 14-29 жас аралығындағы кинорежиссерлар қатысты.

Байқау дарынды жастарға қолдау көресту, патриоттық сананы қалыптастыру, ұлттық мәдениетті сақтау, қоғамдық мәселелерді кино арқылы жеткізіп, жастарға ой салу мақсатында өткізіліп отыр.

«Биыл 2-рет дәстүрлі түрде «Самғау – 2018» жас кинорежиссерлар» байқауы өтіп жатыр. Өткен жылғыға қарағанда осы жылы байқауға қатысушылар саны әлдеқайда көп. Жалпы 40-қа жуық бейнефильм ұсынылып, солардың арасынан Астананың 20 жылдығына орай үздік 20 фильмге осы фестивальге қатысуға жолдама берілді. Өңіріміздегі жастардың киноиндустрия саласындағы тәжірибесі артып, жаңа тақырыптарды ашып көрсетіп жатқанына біз өте қуаныштымыз. Байқаудың тақырыбы – қоғамдағы өзекті мәселелер, отбасы құндылықтары, жастардың тәрбиесіне байланысты болды. Осы байқаудың үздігі болған фильмдерді барлық ауыл, аудандарда жаз айларында әрі жастардың уақытын тиімді пайдалануы үшін, әрі көрермендердің барлығы қамтылсын деп «Ашық аспан астындағы кинокөрсетілім» ұйымдастыратын боламыз», - деді Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Береке Дүйсебеков.

Аталған іс-шараға арнайы қонақ болып «Жаужүрек мың бала» фильмінде Сартай рөлін сомдаған актер Асылхан Төлепов келді. Сонымен қатар, елімізге белгілі өнер майталмандары, театр саласының актерлары байқауға қазылық етіп, үздіктерді анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша ІІІ-орынды (200 000 тг) "STOP" бейнефильмінің режиссері Хамит Муталиев, ІІ-орынды (300 000 тг) "Дос" бейнефильмінің режиссері Олжас Омаров, І-орынды ( 400 000 тг) "Балық сорпа" бейнефильмінің режиссері Әлішер Жәдігеров иеленді. Ал, фестивалдің бас жүлдесі (500 000 тг) "Анама" бейнефильмінің режиссері Жандос Бабахановқа бұйырды.

Сонымен қатар арнайы номинациялар бойынша: «Үздік оператор» Нұрсәт Әлімхан , «Үздік композиторлық жұмыс» Қайсар Тәңірқұлов, «Үздік монтаждық жоба» Жұмахан Надиров, «Үздік сценарий» Ерлан Ақылбек, «Үздік актриса» Оңғар Жәнібек, «Үздік актер» Диас Беркінбаев, «Көрермен көзайымы» Жәдігерова Сара болып табылып, арнайы сыйлықтармен марапатталды.