Сегіз айдағы серпінді істер

0
1 324

Бүгін Отырар аудандық мәслихатының кезекті отызыншы сессиясы өтті.


Сегіз айдағы серпінді істер

Бүгін Отырар аудандық мәслихатының кезекті отызыншы сессиясы өтті. Кезекті сессияда халық қалаулыларының алдында сөз алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов ауданның ағымдағы жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі көрсеткіштері жөнінде баяндама жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Аталмыш мерзім аралығында жалпы ауданда өндірілген ішкі аймақтық өнім көлемі 32 млрд 574,2 млн теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 109,7 пайызға артық. Нақтырақ айтсақ, 8 айда ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарында өндірілген өнімдердің нақты көлем индексі 104,7 пайызды құраса, сауда саласында 109,9, бюджеттің кіріс бөлігі де еселеніп 111,7 пайызға орындалған. Құрылыс жұмыстарының да нақты көлем индексі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 152,1 пайызға артығымен орындалып отыр. Осындай ілкімді істерді сөз еткен аудан басшысы ауыл шаруашылық саласын барлық салаларында жоспардың артығымен орындалып отырғандығын, сондай-ақ, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі де өткен жылмен салыстырғанда 103,3 пайызға артқандығын тілге тиек етті.
Отырар ауданында ауыл шаруашылығы саласында оң серпін бар. Ағымдағы жылы 30 622 га жерге түрен салынып, түрлі дақылдар егілді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2572 га артық. Өнім алу көрсеткіші де еселеніп, 8 айда 8 147,9 млн теңгенің ауыл шаруашылық өнімдері өндіріліп, жоспар толығымен орындалып отыр. Аудандағы индустралды аймақта іске қосылған 2 жүгері дақылын сақтау және кептіру кешендері 40,0 тонна шаруалардың өнімін қабылдауға дайын отыр.
Аудандағы туристік тартымдылықты арттыру мақсатында Арыстанбаб кесенесінің алдын және Отырар төбе қалашығының айналасын абаттандыру жұмыстарының басталып кетті. Сонымен қатар, Мыңшұқыр елді мекеніндегі 300 орындық мектеп құрылысы жұмыстары жүргізіліп жатса, Аққұм ауылынан 100 орындық Мәдениет үйін салу жоспарланып отыр. Шәуілдір ауылындағы сыйымдылығы 100 мың кітап сиятын кітапхана, Балтакөл ауылындағы 200 орындық Мәдениет үйінің құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы қаралып, жұмыстар жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Аудандағы газдандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқандығын сөз еткен аудан әкімі жұмыспен қамту, ауыз су, жол және абаттандыру жұмыстары бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта жүзеге асатын шаруалар жөнінде жан-жақты баян етті. Өз кезегінде аудан әкімінің атқарған жұмыстарына халық қалаулылары оң бағаларын беріп, шешім қабылдады.