​Шардарада оқушылар даңқты спортшылармен кездесті

0
1 972


​Шардарада оқушылар даңқты спортшылармен кездесті

Шардара ауданындағы «Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде» Шардарадан шыққан даңқты спортшылармен кездесу болып өтті деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу жөнiнде айтылып едi. Бүгiнгi таңда ауданда «Туған жер» бағдарламасы әзiрленiп, ол бойынша жоспарлы түрде жұмыстар жүргiзiлiп келедi. Рухани жаңғыруға бағытталған кезектi iс-шара аудандық дене шынықтыру және спорт бөлiмiнiң ұйымдастыруымен қаладағы Спорт кешенiнде өткiзiлдi. Тәрбиелiк мәнi зор бұл iс-шарада Шардарадан шыққан даңқты спортшылар туған елге келiп, жас ұрпақпен кездесу өткiздi. Атап айтар болсақ, бокстан Әлем чемпионатының жеңімпазы, 2016-жылғы Рио Олимпиадасының қатысушысы, Шардаралық Жайна Шекербекова, Грэпплингтен Әлем чемпионатының жеңімпазы, 2018-жылғы Қазақ батыры атағының иегері Бақдаулет Абызов және Қол күресінен Әлем чемпионы, Азияның және Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы Лаззат Мәлікайдар қатысты. Залға жиналған өрендер әлемдiк додаларда чемпион атанған аға-әпкелеріне көптеген сауалдар қойысты, емін-еркін сұхбаттасты.

«Бiз республикамыздың түкпiр-түкпiрiнде, шетелдiң көптеген мемлекеттерiнде өткен жарыстарда бақ сынап жүрмiз. Жүлдеге қол жеткiзген алғашқы сәтiмiзде бiрiншi болып Шардараға хабар беремiз. Себебi, бiздiң соңымызда тiлеуiмiздi тiлеп отырған миллиондаған жанкүйерлердiң арасында жерлестерiмiздiң ықыласы ерекше ыстық» дестi чемпиондар. Жүздесу соңынан оқушылар даңқты спортшыларды ортаға алып суретке түстi.

«Бүгiнгi кездесудiң жас ұрпақ үшiн тәрбиелiк мәнi өте зор деп ойлаймыз. Биылғы жыл бiздiң спортшылар үшiн өте табысты болды. Әлем чемпионаттарына қатысқан жерлестерiмiз бiрiнен соң бiрi жеңiс тұғырына көтерiлiп, мерейiмiздi асырып отырды. Сондықтан да чемпиондармен кездесу өткiзудi жоспарладық. Кездесуге қатысқан жеткiншектерiмiздiң бойын мақтаныш кернеп, келешекте осынау ағаларының жеңiстi жолдарын жалғастырамын деген сенiм пайда болғандарын байқау қиын емес. Шардараның ғана емес, күллi Қазақстанның мақтаныштарына айналған спортшыларымызға әрдайым да сәттiлiк тiлеймiз», - дейдi №4 ОРМБЖСМ басшысы Арман Романұлы Қарсыбаев.