Шымкент лайлы емес, шұрайлы қалаға айналмақ

0
2 183

ERNUR.KZ. Шымкенттің ирригациялық жүйелеріне қатысты мәселе көптен бері қозғалып келеді. Бұл бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Жергілікті бюджет есебінен қаржы аударылып, ағынды арықтар мен каналдарды жөндеу қолға алынды.


Шымкент лайлы емес, шұрайлы қалаға айналмақ

фото: ашық дерекөзден

ERNUR.KZ. Шымкенттің ирригациялық жүйелеріне қатысты мәселе көптен бері қозғалып келеді. Бұл бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Жергілікті бюджет есебінен қаржы аударылып, ағынды арықтар мен каналдарды жөндеу қолға алынды. Тіпті мәселесі шешілмеген көшелер тізімі жасалып, сол арқылы сатылап жұмыстар жүргізілуде.Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсыновтың айтуынша, өткен жылы шаһарда 14 ирригациялық жүйе қайта қалпына келтірілген.

«Аудандық әкімдіктер су алып кету қаупі бар орындарды белгілеп берді. Бұл жылы 18 ирригациялық жүйені жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Оның жетеуі Абай ауданында, бесеуі Әл-Фараби ауданында, тағы жетеуі Еңбекші ауданында болса, біреуі Қаратау ауданында орналасқан»,-деді тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы.

Шымкентте ирригациялық жүйе мәселесі жаңбырлы мезгілде, яғни, көктем мен күзде туындайтынын атап өту керек. Өйткені жауған жауын-шашынның мөлшеріне де көп нәрсе байланысты. Тағы бір айта кетерлік жайт, қалалық баспасөз қызметі берген мәліметке сәйкес, Шымкентте Қошқар ата мен Қарасу өзендерінің бойын абаттандыру үшін арнайы жоба дайындалған.

Онда әрбір бұлақтың көзінде қорғау аймағы қарастырылған. Өзен жағалауын қалпына келтіру, аймақты абаттандырып, орындықтар қойып, ағаштар егу жайты қарастырылған. Жұмыстың бірінші кезеңі Ордабасы алаңынан Республика даңғылына, яғни, бүкіл Ескі қала арқылы, Жангелдин көшесінің бойында жоспарланған.

Ал бұл аумақтарды ерікті түрде иемденіп, жеке меншікке айналдырған тұрғындарға қатысты мәселелерді сәулет және жер қатынастары бөлімдері қарастыратын болады.