Шымкент: мегаполис іргесіндегі елдімекен жарық пен суға жарымай отыр

0
2 083

Жарықты майшаммен алмастырғаныма он жыл болды. Осында көшіп келгелі жарық пен ауыз су сақалды мәселеге айналған. Жолдан не адам не көлік жүріп болмайды.


Шымкент: мегаполис іргесіндегі елдімекен жарық пен суға жарымай отыр

Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдігіне қарасты Қайнарбұлақ алабы жанындағы «Жаңа құрылыс» елдімекенінен жер телімдері беріліп, алғашқы үйлердің салына бастағанына 10 жылдан асты. Елдімекенде 150-ге жуық отбасы тұрады. Әйтсе де бұл ауыл инфрақұрылымнан жұрдай. Мұнда жол, ауыз су және жарық мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген.

Шындығы сол, елдімекеннің тіршілігі мына «Трансформаторға» тәуелді.

Тұрғындардың өз қаражатына орнатылған қуат таратқыш қондырғының 150 шаңыраққа шамасы жетпейді. Түнгі уақытта сығырайған жарықпен отырған жергілікті жұрт жел тұрса апталап тоқтың сөніп қалатынын айтады.

Фарида Күзенбаева, тұрғын: "Өркениетті ортада өмір сүріп, тіршілік кешу әрбір адамның арманы. Бірақ бұл арманның ауылы бізден алыс. Жарықты майшаммен алмастырғаныма он жыл болды.

Осында көшіп келгелі жарық пен ауыз су сақалды мәселеге айналған. Жолдан не адам не көлік жүріп болмайды. Еріген қар мен жауын сулары жол бойына жиналып, көлшік кешуге мәжбүр боламыз.

Жекеменшіктегі трансформаторға күніміз қарап тұр. Ай сайын жаққан электр қуатымыз үшін төлемді ешуақытта кешіктірген емеспіз. Одан бөлек, тұрғындардың «счетчигі» мен «трансформатордың» арасында айырма /«потерия жүреді. Яғни ай бойғы жаққан жарыққа трансформатордағы айналған айырма тағы да төлем жасаймыз. Қалтамыз көтермесе де лажсыз төлеуге мәжбүрміз. Әйтпесе жарықты қиып кетеді.",- дейді.

Тұрғынның айтуынша, 2015 жылы тұрғындарды мазалаған түйткілді мәселелерді бұрынғы Қаратау ауданының әкімі Ғалым Ысмайлов 2016 жылы «Жаңақұрылыс» елдімекеніне қазынадан қаржы қарап, шешіп береміз деп уәде еткен. Тек, онысы орындалмапты. Ауданға одан кейін әкім болған Ғабит Мәуленқұлов та бұл шаруаны шешуге асықпаған. Қазір екі шенеунік те басқа қызметтің тізгінінде жүр.

Бұл ауылдың Қаратау ауданы әкімдігіне қарағанына бес жыл уақыт өтті. Осы уақытқа дейін барып та, жазып та шағым айтқанымызбен нәтиже шығар емес, дейді тұрғындар.

Бір қызығы ауылдың жартысы жарықты Сайрам ауданынан алады. Екінші жартысына жарық желісін қала тартып берген.

Злиха Гайнулина, зейнеткер: Қазығұрт ауданынан осында келгеніме биыл бесінші жыл. Біздің талабымызды Қаратау әкімдігі жақсы біледі. Жарық пен ауыз су болса, жол жөнделсе деген тілегімізді ертерек орындап берсе екен. Суды есігінің алдында «колонкасы» бар үйден ай сайын 1000 теңгеге сатып ішеміз.

"Жиналған төлемақыны Сайрам ауданында орналасқан «Энергопоток» мекемесіне айдың 25-шы жұлдызына дейін «показания» алып, әр айдың 30-ына дейін төлеп отырамын. Ақшаны төлеудің машақаты биылғы жылдың қаңтар айынан басталды. Ондағылар қалған төрт күндікті де қосып айтып, тағы да 30 мың теңгеге дейін қарыз ақша шығып тұр деп кері қайтарып жібереді. Ай бойғы төлемақысы бар, трансформатордың «потериясы» бар, енді «энергопотокқа» болған берешекті ауыл адамдарына айтып, түсіндіріп, тағы да бөлуге тура келеді. Міне, осындай мәселелер тұрғындарды әбден мезі етті", - дейді Айжан Исакова есімді тағы бір тұрғын.

Шолпан Сәрсенбаева, көпбалалы ана: "Біздерге майшам күнделікті жейтін ас-ауқатымыз бен жұтатын ауамыз секілді аса қажет. Қораптағы майшамды бір жылға жететіндей етіп алып қоймасақ электр көзіне сенуден қалдық. Мектепте оқитын балаларыма жаным ашиды. Сабақ орындайтын кезде үстелдің екі шетіне «свечка» жағып, олар сабақ оқып болғанша екі данасы жанып бітеді. Әні-міне дегенше Шымкент үшінші мегаполюске айналғалы отыр. Әйтсе де жарыққа жарымай келе жатқанымызға көңіл қынжылады".

Тұрғындардың әлеуметтік түйткілді мәселесін көріп, жағдаймен танысқан соң Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Қантұраев Исамидин Мұхитдинұлымен байланыстық.

«Әкімдік тұрғындарды мазалаған жағдайлардан хабардар. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Анығын айтқанда елдімекенге жарық, ауыз су жеткізу, асфальт жол салу мәселелерінің құрылыс жұмыстарына қатысты құжаттарды қалалық тұрғын үй және автомобиль жолдары бөлімі әзірлеу үстінде», - деді Исамидин Мұхитдинұлы.

ERNUR.KZ