Шымкентті енді Машкеевич жылытады

0
1 394

ERG кәсіпорындағы қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қарыздардан тезірек құтылудың жоспарын жасап қойған көрінеді. Сондай-ақ, кәсіпорында электр энергиясын тиімді жолмен өндіру үшін құрал жабдықтарды жаңартуға инвестиция тартпақ.


Шымкентті енді Машкеевич жылытады

Атышулы миллиардерлер Александр Машкеевич, Алиджан Ибрагимов және Патох Шодиевке тиесілі Eurasian Resources Group Шымкентті жылумен қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын «Энергоорталық-3» АҚ-ның 94 пайыз акциясын сатып алды. Бұл туралы аталған компанияның ресми сайты хабарлады, деп жазады "Жас Алаш".

ERG акцияларды «Южэнергопром» ЖШС-інен сатып алған. Екіарада қандай келісімнің болғандығы әзірге ашық айтылмады.

«3 Энергоорталық» АҚ-ы 2000 жылы құрылған. Ол жылу және электр энергиясын өндірумен айналысады. Оның құрамындағы электр станциясы 1981 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда жылына орта есеппен 700 миллион кВТ/сағат электр қуаты өндіріледі. Кәсіпорында 600-ден астам адам жұмыс істейді.

Соңғы жылдары «3-Энергоорталықтың» бюджет және өзіне тауар жеткізіп беруші компаниялар алдындағы қарызы қордаланып қалған болатын. Әсіресе, жылу орталығының «ҚазТрансГаз» алдындағы қарызы көбейіп кеткен еді. Жылу өндіруге кететін шығынның артуынан Шымкентте жылу тарифі жиі көтеріледі. Соңғы рет ол былтыр қаңтарда 129 теңге 40 тиын болып бекітілген болатын. ERG кәсіпорындағы қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қарыздардан тезірек құтылудың жоспарын жасап қойған көрінеді. Сондай-ақ, кәсіпорында электр энергиясын тиімді жолмен өндіру үшін құрал жабдықтарды жаңартуға инвестиция тартпақ.

Айта кетейік, Eurasian Resources Group пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Төрт құрлықта қызмет ететін компанияның 80 мыңнан астам жұмысшысы бар. ERG-нің Қазақстанда түсті металл, электр энергиясын, көмір өндіретін және көлік саласында қызмет ететін бірнеше компаниясы бар.

Атақты миллиардерлер бүкіл Шымкенттің халқы қарап отырған, басы даудан арылмаған жылу орталығының жұмысын жөнге қоя алады ма? Күтіп көрелік.