​Сұлтанбек Қожанов: «Арманым – атамның сүйегін елге алып келу»

0
3 329

ОЛ атылмайтын мылтығымен байларды қорқытып, үйлеріне алып бара жатқан астықтарын алып, кедей-кепшікке таратып беріп күнелткен екен.


​Сұлтанбек Қожанов: «Арманым – атамның сүйегін елге алып келу»

Кентауда Сұлтанбек Қожановтың інісі, атасымен аттас Сұлтанбек Қожанов тұрады - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Кентау қаласында халқы үшін туған қайраткер Сұлтанбек Қожановтың ұрпақтары тұрады. Соның бірі алаш арысының кіші інісі Сейдолланың кенже баласы, атасының атын иемденген Сұлтанбек Қожанов. Кентау трансформатор зауытында қызмет атқаратын Сұлтанбек бүгінге дейін әкесі мен атасы жайлы біршама мәліметтерді жинаған. Ондағы мақсаты – алдағы уақытта арнайы кітап етіп шығару. Кіші Сұлтанбекпен кездесіп әкесі мен атасы жайында өзі білетін естеліктерімен бөлістік.
Шахтадағы алтын әкемді құтқарып қалды
– Елді ашаршылық жайлаған кезде әкем Сейдолла 12-13 жасар бала болыпты. Сонда атылмайтын мылтығымен байларды қорқытып, үйлеріне алып бара жатқан астықтарын алып, кедей-кепшікке таратып беріп күнелткен екен. Әкем ағасы жайында көп айтып отыратын. Темір торға қамалардың алдында інісі ағасымен бір тәулік бойы сөйлескен екен. Содан ертеңіне түнде екі солдат келіп атамды алып кетіпті.
Алғашында аудандық түрмеде бір айға жуық жатыпты. Кейін қайда кеткені белгісіз. Атамның зайыбы Күланда апамызды, інісі менің әкемді де «халық жауы» етіп қаматып жіберген. Қызы Зиба апамызды интернатқа алыпты. Әкемді темір торға қамаған тұста 15-16 жасар бала болыпты. Созақтан ұстап, Қарағандының түрмесіне дейін жаяу алып барған. Одан жер аударып Сібірге жіберген. Жалпы жаратушымыз өзі жар болып, көмектескен болар, әкеміз сол кездегі ату жазасынан аман қалады. Түрмеде тәртібі түзу болыпты. Тамақ, су деген мүлдем жоқ. Күніне болар-болмас нанға жүрек жалғап күнелткен екен. Аяқтарының саусақтары үсіп кеткен. Қиыншылықты көп көрген.
Бір күні шахтада жұмыс істеп жатып жұдырықтай алтын тауып алады. Оны түрменің бастығына тапсырады. Сол күні жандайшаптар әкемді жұмыстан босатып, демалыс беріпті. «Таңертең түрме бастығы тағы да кабинетіне шақырды. Бардым. Үстел үстіне үлкен стаканға толтырып спирт құйып қойған екен. «Тарт, жібер» деп бұйрық берді. Мен тартып жібердім. Ешқандай сұрақ болған жоқ. Екі нан, май, аз-маз темекі берді. Ол кезде темекі деген таптырмайтын. Қайтадан жататын жеріме келіп, нан мен майда күкірттің қорабындай етіп бірге жатқан барлығымыз бөліп жедік», дейді әкем. Арада екі күн өткен соң әкемді асханаға жүк тасушы етіп ауыстырыпты. Он жыл уақыт өткеннен кейін қамаудан босап, ауылға қайтқан. Ақталды деген хат әлі күнге дейін сақтаулы Әкем түрмеден босатылған соң бірден Сарыағаштағы Қамар ағасының үйіне барған. Кейін Ақсүмбеге келіпті. Хабар-ошарсыз кеткендіктен туыстары да өлді деп ойлаған ғой. Кейін елге оралғанда бәрі де таң қалыпты.
Сейдолла келді деп ауыл халқы жиналып, құран оқытады. Әкем кейіннен Кентау қаласына келіп, шахтада жұмыс жасады. Сонда да орган қызметкерлері халық жауы деп қайта-қайта тиісіп, тыныштық бермепті. Осында бірінші военком болған орыс кісі көп көмектесіпті. Жағдайын түсініп, үй алып берген, жұмысқа тұрғызған. Қожанов атты текке кір келтірмейін деп жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарыпты.
Тіпті бір сағат бұрын ерте барып, бір сағат кеш қайтады екен. Сол шахтадан абыройлы еңбек етіп зейнетке шықты. Көптеген марапаттардың иегері атанды. Бригадир болды. Үйленіп, отбасын құрды. Анам Әлима екеуі он ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Сұлтанбек атам мен Сейдолла әкеме «Ақталды» деп Мәскеуден хат келді. Ол да үйде әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Еліміз егемендік алған соң, С.Қожановтың 100 жылдығы ел көлемінде тойланды. Бүгінде алаш арыстарын ұлықтау ісі елімізде жақсы қолға алынып жатыр. Тек Кентау қаласында емес, Созақ ауданында, Түркістан қаласында, Қызылорда облысында және Қазақстанның өзге де аймақтарында С.Қожанов атындағы көшелер, мектептер, мұражайлар, саябақтар бар. Ескерткіштері де орнатылуда.
Есімі мәңгі өшпейді
– Менің атымды: «Сұлтанбек ағамның аты өшпесін, ұмытылмасын», деп әкем қойған екен. Бүгінде өзім де ұл-қыз өсіріп отырмын. Нұрдәулет, Нұрасыл, Албина, Әлия есімді ұл-қыздарым бар.
Олар да аталары жайлы өлеңдерді, қарасөздерді жаттап алған. Мектебінде үлкен мақтанышпен айтып жүреді. Аталарымның, әкемнің өсиеттерін, естеліктерін мен де бала-шағама жиі-жиі айтып отырамын.
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде және атамның, әкемнің қайтыс болған күндерінде ағайын-туысты жинап, ол кісілердің аруағына жыл сайын құран бағыштап тұрамыз. Бүгінгі күні атам Сұлтанбек туралы кітапты жарыққа шығаруға жұмыс жасап жатырмын. Атам жайлы білетін жандардан, мұражайлардан, әдебиеттерден біршама мәліметтерді де жинап қойдым. Әкемнің айтқан естеліктерін де марқұм журналист Базарбай Оспановтан алып қалдым. С.Қожановтың 110 және 120 жылдығына орай Түркістан, Кентау қалаларының орталығынан үлкен ескерткіші бой көтерді. Бұл игі іске Кентау трансформатор зауытының басшылары Сейдулла Қожабаев пен Серғазы Күнтуаров ұйытқы болды. Әрдайым қолдау білдіріп отыратын ол кісілерге алыш арысының ұрпақтарының атынан алғысымды білдіремін. С.Қожановтың есімі берілген Байылдыр ауылындағы мектеппен де тығыз байланыста жұмыс жасаймыз.
Көптеген іс-шаралар өткізіп, бізді шақырып кездесулер өткізіп тұрады. Ондағы тәрбиеленіп жатқан шәкірттер де ақындықтары мен қара сөзге жақындықтығымен өзге мектептерден ерекшеленеді. Яғни, мұндағы балалардың әдебиет пәніне деген әуестігі жоғары. Мектепке С.Қожановтың есімі берілген тұста мектеп бітіруші түлектердің басым бөлігі білімдерінің жоғары екендігін дәлелдеп мемлекеттік грантты иеленіп, студент атанған жайы бар. Түркістан қаласындағы С.Ерубаев музейінде де алаш арысына арналған арнайы бөлме бар. Онда атамның өмірінен сыр шертетін көптеген заттар қойылған. С.Қожанов атамның аяғындағы етігінде бәкісі болатын. Сол бәкісімен өзі оқыған мектебіндегі кірпішке аты-жөнін қырып жазған. Ол жазу 1999 жылы Түркістан қаласындағы С.Ерубаев музейінен табылды. Яғни, дәріс алған сыныбында қолтаңбасы қалған. Ендігі ойым қаладағы С.Қожанов атындағы саябақтың ішіндегі ескерткішінің жанына тақтайша қойып, қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін жаздырту. Бұл іспен де алдағы уақытта сала мамандарымен ақылдасып жұмыс жасаймын. Егер де мамандар тарапынан қолдау тауып, бастама жүзеге асса нұр үстіне нұр болар еді.
Арманы асқақ ұл
Сөз соңында Сұлтанбек арманымен бөлісті. «Атам С.Қожановтың жерленген жері 2011 жылы Мәскеу шетіндегі “Коммунарка” зиратынан табылғанда әулетімізбен қатты қуандық. Елді жинап құран оқыттым. Ендігі арманым сол жақтан топырағын немесе сүйегін туған жері Теріскейге немесе Түркістанға алып келу» – дейді ол.