Тәуелсіздік күні қарсаңында арыстық ақынның құрметіне кеш ұйымдастырылды

0
1 605

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан облысы, Арыс қаласының білім бөліміне қарасты И.Журба атындағы жалпы орта мектебінде тамаша кеш ұйымдастырылды.


Тәуелсіздік күні қарсаңында арыстық ақынның құрметіне кеш ұйымдастырылды

фото: arys-akikaty.webpress.kz

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан облысы, Арыс қаласының білім бөліміне қарасты И.Журба атындағы жалпы орта мектебінде тамаша кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл шығармашылық кеш ұлағатты ұстаз, білікті басшы, ақын-жазушы Әбдісаттар Сағатұлының 60 жасқа толу құрметіне арналды.
Жырына егемен елінің асқақ мәртебесін арқау етіп, Тәуелсіздікті ту еткен Әбдісаттар Жүніс сәтін салса келер жылдың басында алпысыншы асуын бағындырады.

Өмірі өнеге толы жазушының тағылымды кеші қызметтік өмірінен сапалы түсірілген деректі фильмді тамашалаудан басталды. Бұдан соң әкесі Сағаттың (Сағадат) баянды ғұмыры, елі, жері туралы толғаған кестелі сөздері жайында бейнежазба көрсетілді. Әкенің дария ақылы, ананың аялы алақаны перзенттерін бауырмал, адал, парасатты болуға, ақ жолдан таймауға үйретті. Бұл турасында, яғни, ұстаздар әулетінен түсірілген әсерлі бейнежазба жиналған көпшілікке ой салды.
Қонақтар тарапынан ағыл-тегіл лебіздер айтылып, Әбдісаттар ағаның өзін оқытқан аяулы ұстаздары да, әріптестері, ұжымы, өнердегі дос, аға-іні, әпке-қарындастары да шынайы ниет-тілектерін жеткізді.

Шығармашылық кештің соңы концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендер көтеріңкі көңіл-күймен қайтты. Ал жастар жағы тәлім-тәрбиеге толы кездесуден мол өнеге алып, патриоттық сезімдерін шыңдай түсті.